Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

МЕРГЕНДЕРІМІЗ ӘЛЕМ КУБОГЫНДА ТОП ЖАРДЫ

52қаралым
Қазақстандық құралайды көзге атқан мергендеріміз Үндістандағы Әлем кубогында 4 медальді (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) қанжығаларына байлады.
18-29 наурыз аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында стенд және оқ атудан Әлем кубогы өтіп жатыр. Тартысты жарысқа әлемнің 53 елінен 300-ге жуық мерген спортшы қатысуда.
21 наурызда «SKEET» жаттығуында әйелдер арасында жерлесіміз шымкенттік Кравченко Зоя 114 ұпай санымен 5-ші болып финалға еніп, тартысты сәтте Ұлыбритания спортшысы Хиллдан бір ғана нысанды мүлт жіберіп, күміс медаль жеңіп алды (финалдық нәтиже 51 ұпай).
Ал 22 наурыз күні «SKEET» жаттығуында әйелдер арасында Шымкент қаласының 3 мергені командалық есепте Кравченко Зоя, Насырова Рината мен Панарина Ольга 327 ұпаймен финалға екінші болып еніп, байрақты бесекеде алаң иелері Үндістанның әйелдер құрама командасын тізе бүктіріп, нәтижесінде спортшыларымыз алтын медальді қанжығалады.
Сонымен қатар, «SKEET» жаттығуында ерлер арасында қазақстандық спортшы жігіттер командалық есепте Почивалов Давид (Шымкент қ.), Ещенко Эдуард (Алматы қ.) пен Мухамедиев Александр (Шымкент қ.) 501 ұпаймен финалға еніп, қола медальге ие болды.
Жарыстың алтыншы күнінде «SKEET» жаттығуында қазақстандық 1-аралас құрама командасы командалық есепте Панарина Ольга (Шымкент қ.) мен Ещенко Александр (Алматы қ.) 140 ұпаймен финалға екінші болып еніп, додада күмістен алқа тақты.
Әлем кубогының 23 наурыздағы медальді нәтижелер бойынша еліміздің құрамасы — 3 орында тұр.
Please follow and like us: