91
Шымкентте келер жылдың көктемінде өтетін «Менің гүлді аулам» конкурсына бүгінде 20-дан аса өтінім түсіп, 100-ге жуық адам қызығушылық білдірген.
Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өткелі жатқан конкурсқа шаһардың 5 ауданы да қатысады. Яғни, Қаратау, Еңбекші, Әл-Фараби, Абай және Тұран аудандарының барлық көпқабатты үй аулалары бақ сынайтын болады.
Жалпы, қазіргі таңда өтінім берушілер қатарында Әл-Фараби ауданы белсенділік танытуда. Аула тұрғындары конкурс шартына сәйкес, күзде егуді қажет ететін гүлдерді егіп, аумақтың, үйлердің кіреберіс бөлігінің тазалығына ерекше назар аударады. Айта кетерлігі, жеңімпаз аулалар келер жылдың көктемінде белгілі болады.
Менің гүлді аулам – бұл көпқабатты үй тұрғындарының өз аулаларын гүлдермен безендіруге арналған конкурс. Яғни, конкурсқа қатысушы тұрғындар ауланы көгалдандырып, гүлзарлар мен сәндік ағаштар егіп, оларды үнемі тазалап, бұталар мен ағаштарға уақытылы күтім жасап отыруы тиіс. Одан өзге басты шарттардың бірі – гүлдердің 25%-ы қызғалдақ болуы қажет. Жалпы, қатысушы аула тұрғындары дизайнын әрлеуде креативті тәсілдер қолданып, фестивальдің тақырыбын ашу қажет.
Жеңімпаздар 3 млн., 1 млн., 500 мың теңге көлемінде марапатталады және әр ауданнан жүлдегерлер бөлек таңдалады. Өтінім беру «visit-shymkent.kz» сайты арқылы жүреді. Ауланы көгалдандыру, көркейту жұмысы да тұрғындардың өз қалауларына тапсырылған. Күзде басталған жұмыстардың нәтижесі келер жылдың сәуір айында белгілі болады. Арнайы құрылған қазылар алқасы тиісті баға беру арқылы жеңімпаздарды анықтайтын болады.
Please follow and like us: