75
Шымкенттің мәдениеті мегаполис атына сай болады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде айтылды. Спикерлер – қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтеу басқармасының басшысы Ханзада Есенова мен Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшыс Сәкен Майғазиев үшінші мегаполистегі мәдениеттің дамуы жөнінде баяндады.
Ханзада Әзімханқызының айтуынша, Шымкентте жалпы 19 мәдениет мекемесі бар, онда 1735 қызметкер жұмыс істейді. Осы мәдениет саласына терең сараптама жасалып, оның сапасын дамыту концепциясы әзірленген. Оның ішінде түрлі мәдениет мекемелерінің КРІ көрсеткішін көтеру жоспары түзіліп, әртүрлі қызықты идеялар ұсынылып отыр. Мысалы, кітапханаларда тек кітап оқып қоймай, тұрғындардың бас қосып, уақытын тиімді өткізу жоспарлары, оқырман карточкасын әзірлеп, театрлар, цирк пен зообақтың жұмысын жаңа деңгейге көтеру жоспарлануда.
Сәкен Майғазиев қалалық мәдениет үйіне қарасты 5 мәдениет ошағы – клуб бар екенін, олардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту күн тәртібінде тұрғанын айтып берді. Оған қоса Қазғұрт мәдениет үйін мемлекеттік меншікке қайтарып, Шымкентте ұлттық аспаптар оркестрін ашу жөнінде ой қозғады.
Спикерлердің айтуынша, Шымкенттің мәдениеті алдағы уақытта жаңа деңгейге көтерілмек.
– «Наурыз Шымкенттен басталады» мега жобамыз – үшінші мегаполистің мәдениетің дамытудағы ірі жоспардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 10 күнді түрлі атауларымен атап өткен осы мерекеде Шымкентке келген туристер мен қонақтар саны 2-3 есеге артқан. Мұны туристік қауымдастық өкілдері айтты. Осылайша алдағы уақытта Наурызды Қазақстанның, оның ішінде Шымкенттің брендіне айнылдыру ниетіміз бар екенін тағы да айта кеткім келеді. Қаламызда өткен концерттерге жақын қалаларды былай қойғанда Ақтөбе, Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларынан қонақтар келіп, тамашалады, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Спикерлер, сонымен қоса, әлеуметтік желілерде жарияланған Шымкентте Наурыз мерекесін атап өтуге 565 млн теңге бөлінуіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, қаланың жалпы мәдениет саласына жыл соңына дейін 572 млн теңге қаралғанын, оның ішінде Әз-Наурызды қарсы алуға қаралған 213 млн теңгеге 10 күнде 103 іс-шара өткізілгенін мәлімдеді.
Please follow and like us: