Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғам

МАҚТААРАЛҒА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНАН 260 ТОННАЛЫҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КЕЛІП ЖЕТТІ

59қаралым

«Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында Алматы облысынан Мақтаарал ауданына 15 жүк көлігіне тиелген 100 тонна азық-түлік пен 160 тонна құрылыс материалдары келіп жетті. Көмек керуеніндегі азық-түлік пен гигиеналық заттар облыстық штабтың Атакенттегі орталықтандырылған қоймасына, құрылыс материалдары Мырзакент кентіндегі құрылыс базасына түсірілді.
Көмек керуенін Алматы облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Жомарт Қаратас пен «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев бастап келіпті.
Жомарт Қаратастың айтуынша, гуманитарлық көмекпен бірге талдықорғандық 20 ерікті жас ере келіпті. Олар алдағы уақытта Мақтаарал ауданындағы құрылыс жұмыстарына атсалысып, түркістандық еріктілермен қоян-қолтық еңбек ететін болады.
«Қазақ елі қашанда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қиын сәтте бірлікпен бір-біріне демеу бола білген халық. Еліміз осындай сын сағатты бастан кешіріп жатқан шақта Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған апат барша қазақстандықтарды алаңдатып отырғаны белгілі. Осы орайда Мақтаарал халқына ел болып қолдау көрсетіп, мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен көмектер тоқтаусыз келіп жатыр. Бүгін бізде облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың бастамасымен Жетісу жұртшылығының аманатын арқалап келіп отырмыз. Бұл көмек керуеніне киелі өңіріміздің кәсіпкерлері мен демеушілері және еріктілер өз үлестерін қосты», — дейді «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев.


Жетісу жұртшылығы жіберген 260 тонна жүктің ішінде 18 тонна ұн, 7 тонна күріш, 3 630 литр сұйық май, 6 тонна макарон, жарты тонна перловка, 4,5 тонна қант, 548 дана шай, 6 мың шаршы метр құрылыс ағашы, 100 тонна цемент, 20 мың дана кірпіш, 90 қап құрлыс смесі, 15 тонна гипсокартон, 10 тонна құрғақ смесі бар.

Please follow and like us: