Бүгін Шымкент қаласының әкімі түркиялық «Coca-Cola İçecek» компаниясының Алматы қаласындағы директоры Мустафа Белтекинмен кездесті.
Үшінші мегаполис мүмкіншіліктерін атап өткен шаһар басшысы компания өкіліне Шымкенттен осы сусындарды өндіретін арнайы өндіріс орнын ашу үшін барлық жағдайдың бар екендігін айтып, Шымкенттің салалық мүмкіншіліктеріне тоқталды.
Қала басшысы өз сөзінде биылғы жылы ауданы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» жаңа үшінші индустриялық аймағының құрылғанын, қазіргі таңда инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстарының таяуда аяқталатынын алға тартты. Инвесторларға ұзақ мерзімге жалға берілетін тегін жер телімдері, дайын инфрақұрылымдар мен коммуналдық қызметтерге тарифтер төмендетілгенін де жеткізді.
«Бүгінгі кездесу екі жақты ынтымақтастыққа септігін тигізіп қана қоймай, Шымкенттегі жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асырудың алғы шарты болатынына сенімім мол»,-деді ол.
«Coca-Cola İçecek» компаниясының өкілі әкімдік тарапынан арнайы жер телімі және инфрақұрылыммен қамтылу жағынан қолдау болса, инвестиция құюға әзір екендіктерін жеткізді.