Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

ІНДЕТПЕН КҮРЕСУ – БАСТЫ НАЗАРДА!

115қаралым
Рамазан Бектұрғанов, Шымкент қалалық №4 емхананың бас дәрігері: «ІНДЕТПЕН КҮРЕСУ – БАСТЫ НАЗАРДА!»
Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушылары!
Мен, Шымкент қалалық №4 емхананың бас дәрігері Бектұрғанов Рамазан Сейдахметұлы, өздеріңізбен тағы да тікелей эфирде жүздесіп отырмыз.
Қазіргі таңда еліміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі эпидемиологиялық ахуал қиын жағдайда екені жасырын емес. Өткені, 2020 жылы басталған пандемияның беті әлі де қайтқан жоқ. Биыл да карантин шектеулері ұзартылуда. Себебі, бүкіл адамзат денсаулығына қауіп төніп тұр.
Індетпен күресу барысында мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалынған, яғни тегін вакцина мен Қазақстан халқы қамтамасыз етілді. Осы мүмкіндікті қолдануларыңызды сұранамын.
Осыдан келіп бірнеше өзекті мәселе туындауда.
Біріншісі, демографиялық ахуалға қауіп төнеді. Яғни, жүкті әйелдердің коронавируспен ауыруы қауіпті екеніне тағы да назар аударғым келеді. Ондай жағдайда тек ананың ғана емес, іштегі шарананың денсаулығы үшін күресуге тура келеді. Ал дені сау ұрпақты өмірге әкелу – ең маңызды мақсатымыздың бірі. Сол үшін ананың денсаулығы мықты болуы тиіс. Ана мен баланың денсаулығы басты назарда. Сондықтан осы мәселеге көңіл бөліп, вирус жұқтырудан сақ болуымыз керек.
Екінші мәселе – вирус жұқтырғандармен байланыста болған азаматтар үйге карантинге алынғанда барлық талапты сақтауы тиіс. Ал бізде кей азаматтар карантинде үйінде отырмай, көшеге шығып, көпшілік орындарға баруын тоқтатпай жүр. Өкінішке қарай, егер сол адамда екі аптаның ішінде вирус табылса, ол осы уақыт аралығында қаншама адамға жұқтырып үлгеретінін ешкім есептей алмайды. Үй карантині тектен-тек берілмейді, оған алынған адамдар дәрігердің нұсқаулығын сақтап, үйінде отыруы тиіс. Жұмыс істейтін үй карантиніндегі науқастарға еңбекке жарамсыздық парағы ашылады.
Үшінші мәселе, өз бетіңізбен үйде емделуге болмайды. Бойыңыздан коронавирустың қандай да бір симптомдары білінген жағдайда немесе ПТР анализі оң нәтиже берген жағдайда тез арада өзіңіз тіркелген емханаға немесе жедел жәрдемге хабарласыңыздар. Уақыт жоғалтпай, тексеріліп, тиісті емді бастау өте маңызды. Үйде емделудің соңы қайғылы жағдайға сәкелуі мүмкін.
Біздің №4 емханада осындай үй карантинінде отырған азаматтардың денсаулығы тұрақты бақылауда, емхана қызметкерлері үнемі қоңырау шалып, жағдайларын бақылап тұрады.
Жалпы, коронавирус індетімен күрес күн тәртібіндегі ең маңызды мәселеге айналды. Бүкіл дәрігерлер қауымының ғана емес, саналы азаматтардың күш-жігері індеттің бетін қайтаруға бағытталған.
Міне, осы тұста қарапайым тұрғындар да індетпен күреске өз үлестерін қоса алады. Ол үшін ең алдымен санитарлық талаптарды сақтап жүру керек. Яғни, маска тағып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, гигиеналық тазалықты сақтау, денсаулықты күтініп, дұрыс тамақтану жақыныңызға жанашырлық таныту арқылы өзіңізді қауіпті індеттен қорғап қалуға болады.
Ал ең бастысы – коронавирусқа қарсы вакцина салдырыңыздар. Бұл біздің сіздерге дәрігер ретінде, бір жылдан астам уақыт қауіпті індетпен күрестің алғы шебінде жүрген маман ретінде берген кеңесіміз.
Былтырдан бері талай азамат індетке шалдықты, талай адам осы аурудан көз жұмды. Бұл – жеңіл қарайтын мәселе емес. Жағдай әлі де қауіпті күйінде қалуда. Сондықтан, індетті жеңудің ең негізгі әрі сенімді жолы – коронавирусқа қарсы вакцина салдыру. Қазіргі таңда вакцина тапшылығы жоқ, жуырда ғана отандық ҚазВак вакцинасы сынақтап өтіп, өңірлерге таратылды. Шымкенттегі барлық мемлекеттік және жекеменшік емханаларда екпе салу орындары жұмыс істейді.
Кез келген қала тұрғыны сонда келіп, тіркелген орнына қарамастан, вакцина салдыра алады. Арнайы дайындықтан өткен дәрігерлер сіздерге аптаның 7 күнінде, демалыссыз, сағат 08:00-ден кешкі 24:00-ге дейін қызмет көрсетуге дайын. Мамандар алдымен келушілердің денсаулығын тексеріп, қарсы көрсеткіші болмаса вакцина салады.
Вакцина салдыру арқылы біз өзімізді ғана емес, отбасымызды, жақындарымызды, айналадағы адамдарды қауіпті вирустан қорғай аламыз. Себебі, жаппай вакцина салдыру арқылы ұжымдық иммунитет қалыптасатынын ұмытпайық.
Please follow and like us: