Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық өңірде қолдау тапты. Ел игілігі үшін қолға алынған игі бастама Шымкент қаласы әкімдігінің жұмысында да басшылыққа алынды.
Бұрынғыдай емес, бүгінде халықтың құқықтық сауаты артқан. Сондықтан кез келген ел тұрғыны өзін толғандырған мәселелер бойынша ойын ортаға салып, одан тұшымды жауап ала алады. Тұрғындардың арыз-шағымдары мен өтініштеріне дер кезінде құлақ асып, оған тиісті дәрежеде көңіл бөлу, мәселені тиімді шешу – басты назарда. Мұны нақты деректермен дәлелдеуге болады.
2020 жылдың қаңтар-шілде айында Шымкент қаласы әкімдігіне 8 711 арыз-шағым келіп түскен. Өтініштердің 950-нің мәселесі қанағаттандырылып, 8491-не жазбаша түсіндірме берілді. Арыз-шағымдар түрлі салаға қатысты. Оның ішінде жер қатынастары бойынша – 3986, карантин кезінде қалада жүріп-тұруға рұқсат алу – 839, энергетика және коммуналды шаруашылық – 314, баспана мәселесі – 302, әлеуметтік және жұмысқа орналастыру – 300, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары – 198, құрылыс саласы – 161, білім саласы – 142, денсаулық сақтау – 135, екінші деңгейдегі банктерден алған несие сомасын өтеу туралы – 78, басқа мәселелер бойынша 2 134 өтініш бар. Әкімдіктің ресми сайтындағы «Ашық диалог», «Сұрақ-жауап» блогтарына 375 арыз-шағым түсіп, толық жауап берілген.
Сонымен қатар, бұқараға барынша жақын болу мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов карантин кезеңіне дейін, яғни қаңтар-наурыз аралығында халықпен 7 рет жүздесіп, 186 тұрғынды қабылдады. Әкімнің қабылдауына келген 108 азаматтың мәселесіне түсіндірме жауаптар берілсе, 75 азаматтың мәселесі шешімін тапты. Ал 2 азаматтың мәселесін шешу ұзақ мерзімдік бақылауға қойылды.
Жеке қабылдауға қатысқан 16 азаматқа әкімдік қаланың жомарт азаматтарының көмегімен қоларба, ортопедиялық аяқкиім, көзілдірік, дәрі-дәрмек әперіп, ота жасатуға ақшалай көмек берді. Құжаттарын ресімдей алмай жүрген 15 азаматтың мәселесі шешіліп, заңгер қолұшын созды.
Шаһар басшысы карантинге қатысты азаматтарды онлайн байланыс арқылы қабылдап, тікелей эфирге шығуды қолға алды. Аптаның әр жұмасында өтіп жатқан онлайн қабылдауда 26 азаматтың өтінішін тыңдап, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Бұған қоса қала әкімінің орынбасарлары жыл басынан бері 266 азаматты қабылдап, өтініштер негізінде жұмыс атқарды.
Нұршат ТӨКЕН, «Егемен Қазақстан»