Түлкібас аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолындағы газ құю бекетінде жұмыс істейтін оны, таңғы сағат 04:30 шамасында өзіне таныс емес жас жігіт тонап кеткен. Яғни «Мерседес Бенц 124» маркалы көлік жүргізушісі газ құюға арналған 2 құрылғысын ашықтан-ашық тартып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Аталған жайт ҚПР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алынды.
Хабарлама алысымен орын алған қылмысты ашып, күдіктіні анықтау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Учаскелік полиция инспекторлары іздестіруге атсалысты. Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, куәлардан сұрастырып, жақын аралықтағы аумақтарды көріп шықты. Жан-жақты, жүйелі жүргізілген шаралар нәтижесінде тәулік ішінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Полицияға жеткізілген Түркістан қаласының тұрғыны өз кінәсін мойындады.
Анықталғандай, жүргізуші газ құйдыруға келгенінде, жәбірленуші көліктің ақауы бар, күте тұрыңыз сәлден соң құятын боламын деп жеткізген. Алайда түсінбеушілікке бой алдырған жүргізуші құрылғының бір бөлігін тартып алып, кетіп қалған.
Жалпы айта кетер жайт, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері түрлі қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, әрбір ойын-сауық мекемелеріне, азық-түлік дүкендері мен жанармай құю бекеттеріне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Әсіресе учаскелік полицейлермен адамдар көп келетін ғимараттарда қауіпсіздік шарасын қатаң ұстану керектігі айтылады. Кәсіпкерлерге кеңес беріліп, ғимараттарына бейнебақылау камераларын орнатып, терезелеріне темір тор қойдыру қажеттігі ескертіледі. Осындай профилактикалық шаралардың нәтижесінде жоғарыда орын алған қылмыс тез арада бейнебақылау камерасының көмегімен ашылып отыр.
Осы ретте Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз бағалы заттарыңызға, қол сөмкелеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың «ізін суытпай ашуға» толық мүмкіндік береді.