85
Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп беру кездесуі кезінде мәлім етті. Карантин талаптарына байланысты есептік кездесу онлайн форматта өтуде.
Жалпы аудан тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында Бадам, Жыланбұзған, Базарқақпа, Қарабастау, Бадам-1 тұрғын алаптарында электр жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
— «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Жұлдыз, Жалын, Қарабастау тұрғын алаптарын электр жүйесімен қамту жұмыстарына бастапқы қаражаты бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Аудан аумағын сапалы электр желісімен қамтамасыз ету мақсатында жаңғырту жұмыстары қажет етілетін аумақтардың сызбасы мен анықтамалары «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-не тапсырылған болатын. Нәтижесінде инвестициялық бағдарлама бойынша Қарабастау т/а, Жалын т/а, Бадам-2 т/а, Базарқақпа т/а, Бадам-1 т/а 1595 абонентке электр желілерінің құрылысы өткен жылдың қазан айында басталды. Ол жұмыстар биыл аяқталып, пайдалануға берілмек, — деді аудан әкімі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданды электр жүйесімен қамту көрсеткіші мемлекеттік жүйеде 88%-дан 90,6% жоғарылады. Ал, жекеменшік жүйедегі 5,1%-ды, қамтылмаған 4,3%-ды мемлекеттік жүйемен қамту 2021-2022 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізілді.
Сондай-ақ, биыл Бадам-1, Оңтүстік-Жаңақұрылыс, Абдулабад, Тұрдыабад, Бадам, Қаратөбе, Маятас, Айнатас тұрғын алаптарының және Еламан, Саяжол көшелеріндегі электр желісімен қамтылмаған абоненттерді жарықпен қамту үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге бюджеттен (33,8 млн.тң) қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
Please follow and like us: