Яндекс.Метрика
Заң және қоғам

ЕҢ ӘДЕМІ КИІМ- ҰЛТЫҢНЫҢ КИІМІ

120қаралым
Халықаралық әйелдер күні мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Шымкент қалалық А.Пушкин атындағы әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлттық киім — халық қазынасы» атты іс-шарасы өтті.
Жиында бойжеткендер мен аналарға ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілері дәріптелді.
Қазақ халқының қолөнері — ел тарихымен қатар дамып, өркендеп келе жатқан халық қазынасы.
Ал, қолөнердің айшықты бөлігі — ұлттық киімдер. Ұлттық киімдердің тарихы, тігілу техникасы өте ерекше.
— «Ұлттық киім — халық қазынасы» іс-шарасы арқылы қазақтың ұлттық киімдерін өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі жиын «Наурыз Шымкенттен басталады» деген ұғымның дәлелі десем де болады. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында кітапханада арнайы көркемсурет көрмесі ұйымдастырылса, Ұлыстың ұлы күніне орай ұлттық киімді насихаттап отырмыз. Ұлттық киімдерді дәріптеп, құрметпен қарау және оны күнделікті кию — әрбір өскелең ұрпақтың парызы. Себебі, ұлттық киім қазақ халқының тарихынан, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен, мәдениетінен сыр шертеді, — дейді А.Пушкин атындағы әмбебап кітапхана әдіскері Раушан Теңлібаева.
Жиынға ҚР Мәдениетінің қайраткері, драматург С.Қасымбек, жеке кәсіпкер, «A.Gulmira collection» брендінің негізін қалаушы Г.Аманжолова, «Аналар» журналының редакторы А.Момбек, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі мен №5 техникалық колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиын барысында «А.Gulmira collection» брендінің ұлттық киімдер топтамасы мен аталмыш колледж студенттерінің жұмысы көрсетілді.
«Шымкент келбеті»
Please follow and like us: