Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

ДАСТАН РЫСПЕКОВ: ШЫМКЕНТ – ТУРИСТЕР ҮШІН ТАРТЫМДЫ ҚАЛА

79қаралым

Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков Шымкент қаласына жасаған іс-сапарында дәл осылай баға берді. Сапар барысында комитет төрағасы шаһардың бірнеше туристік нысандарын аралап, сала мамандарымен кездесті.

Ең алдымен қаланың орталығындағы Қошқар ата өзеніне, кейін Ордабасы алаңына және Цитадель қалашығы мен Тәуелсіздік саябағына атбасын бұрды. Онда туристік нысандарды дамыту бойынша бірнеше ұсынысын айтып, туризм басқармасының жаңа жобаларымен танысты. Сондай-ақ ескі қалашыққа арнайы тоқталып, ондағы археолог-тарихшылармен, жоба үйлестірушілерімен кездесті.

«Шымкент – туристер үшін өте қызық әрі әсем қала. Мұнда жайлылық пен ерекше жылылық бар. Цитадель Шымкент қаласындағы ең тарихи әрі туристік нысан болады. Жобаның аяқталғандағы келбетін тамашалауға бәріміз асықпыз. Мұнда Қазақстанды тануға құштар тарихшылар мен туристерді тартамыз. Сол себепті бұл жұмыстардың ауқымы мен маңызын сезініп, абыроймен атқаратындарыңызға сенемін», — деді Рыспеков.

Бұдан соң ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исаховпен және туристік нысан өкілдерімен бірге дөңгелек үстелге қатысты. Онда карантиндегі туристік орталықтардың жұмыс қарқыны мен жеңілдетілген карантиндік режімдегі талаптар сөз болып, алдағы жұмыс алгоритмі талқыланды.

Сондай-ақ Дастан Рыспеков отбасылық қолөнершілер Бейсбековтер шаңырағында болып, қазақтың дәстүрлі бұйымдары мен туристерге ұсынылатын түрлі жабдықтармен танысты.

Нұршат ТӨКЕН, «Егемен Қазақстан». 21.08.2020

Please follow and like us: