80
Түркістан облысы Сайрам ауданында 64 млрд. теңгеге 19 жобаны іске асырып, 614 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 12-сі өңдеу бағытындағы іске асатын жобалар. Биыл 6 айда 6,8 млрд. теңгеге 5 жоба іске қосылып, 155 жұмыс орны ашылды. Күнбағыс майын шығаратын цех, газоблок зауыты, алкогольсыз сусындар шығаратын зауыт, жылыжай құрылысы жүзеге асты. Тағы құны 4 млрд. теңгеге 9 жобаны іске қосу жоспарда, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған. Атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын ашып, 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. «Nurym Grоup» компаниясы құрама жем өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 2,5 млрд. теңгені құрайды.
Бұл туралы Сайрам ауданының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті. Кездесу барысында облыс басшысы өңірдің даму жоспарлары, Президент тапсырмаларының орындалуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы нақты қадамдар туралы баяндама жасады. Аудан тұрғындарымен еркін диалог алаңын құрып, жұртшылықтың мұң-мұқтажын, өтініш-шағымдарын білген әкім, халық өтінішін екшеп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Межелі мерзімді де белгіледі.
Сайрам ауданының шаруалары мал шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр. Ауыл шаруашылығында жыл басынан 41,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Өнім көлемі былтыр 124 млрд. теңгеге жетті. Бұл облыстағы аудандардың арасында ең үлкен көрсеткіш.
Биыл 6 айда егін шаруашылығында 1,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. 53 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 69 гектарда жылыжайлар орналасқан, 625 гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендірілген, 529 гектарға қарқынды бау егілген. Жыл басынан бері мал шаруашылығында 40 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 4,7 пайызды құрады.
Ауданда 1 мыңнан астам мал бордақылау орындарында бір мезгілде 42 мың бас мал бордақылануда.Тәулігіне 3 мыңға жуық мал сойылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен Қарабұлақ ауылында орналасқан мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары тексерілді. Құрылған жұмысшы топ малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолын кесті. Нәтижесінде 11 мал сою орнының санитарлық талаптарды сақтамаған 3-уі жабылды, қалған 8 бекеттің басшыларына мал сою алаңдарын ретке келтіруге 1 ай уақыт берілді.
— Шілде айында Қарабұлақ ауылында жергілікті кәсіпкерлермен кездестім. Мал сою орындарының жұмысын ретке келтіруді, мал қалдықтарын өңдейтін зауыт салуды ұсынған болатынмын. Сайрам ауданының кәсіпкерлерін кейін Түркістанда қабылдап, олардың ұсыныс пікірлерін тыңдадым. Мысалы, 25 гектар жерге мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы мен қанды өңдеу кәсіпорынның құрылысы басталады. «Nurym Group» компаниясы жобаны іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Жобаның құны 3,6 млрд. теңге. 70 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сондай жобалардың бірі, жеке кәсіпкер, Убаев Жахангир жылына 2 мың тонна қалдықтарды өңдеуге мүмкіндігі бар жобаны іске асыруды қолға алып отыр (құны 1 млрд. теңге). Яғни, ауыл шаруашылығы жануарларын сою кезінде қалған қосалқы өнімдерін қайта өңдеуден өткізеді (сүйек, қан, ішек қарын). Осындай жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, жаңа бизнесті ашуға көмектесетін боламыз. Жалпы, жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптардың бірі – жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын құру,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға инвестиция тартып, 2025 жылға дейін өнім көлемін 1,5 есеге арттыру жоспарлануда.
Осыған дейін өткен облыс әкімінің есептік кездесуінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру үшін қосымша уақыт талап етеді. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерінің ішінде ауылдардағы ішкі көшелерге асфальт төселді. Жол белгілері орнатылды. Қарасу ауылындағы Жаңақұрылыс аумағына инфрақұрылым жүргізуге биыл бюджеттен 965 млн.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жібек жолы ауылындағы су жүйесін күрделі жөндеуге биыл 100 млн.теңге қаржы бөлінді. Электр тапшылығын шешу үшін Ақсукент ауылынан Қосалқы станциясының құрылысын қаржыландыру мәселесін шешу үшін министрліктермен тиісті жұмыстар атқарылуда. Қарабұлақ ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысына (9,3 млрд.теңге) жобалық құжаттама дайындалды. «Қарасу-Қызылту-Сайрам» жолын жөндеуге (1,2 млрд.теңге) жобалау сметалық құжаттама дайындалып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Сиқым ауылындағы мектепті күрделі жөндеуге жобалық құжаттама дайындалуда.
Сайрам ауданында ішкі өнім көлемі былтыр 242 млрд. теңгеге жетсе, биыл 6 айда 89 млрд. теңгені құрады. Былтыр 15 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, соңғы 5 жылда 5 млрд. теңгеге өскен. Биыл 6 айда құрылыс көлемі 6,5 млрд.теңгені құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 21 мыңнан асты. 29 мың адам жұмыспен қамтылып, 85 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 2023 жылғы өзіндік кірістер жоспары 10 млрд. теңгені құрады. Былтыр негізгі капиталға 39,5 млрд. теңге инвестиция бағытталса, 6 айда ауданға 22,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіп саласында жыл басынан 21,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген, оның ішінде 17 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 105 млн. теңге қаралып, 7 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттама әзірленуде (Аламан, Төменгі Аққала, Бауарық, Әсіл, Теспе, Сай, Жоғарғы Аққала). Сондай-ақ Ақбай-Қарасу каналының күрделі жөндеуіне биыл 131 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған.
Президент тапсырмасымен облыста бастау алған «Ауыл аманаты» жобасынымен мал шаруашылығында 89 жоба бойынша құжаттары мақұлданған.
Биыл 2 мектептің құрылысы жүруде. Қарамұрт ауылындағы мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Жекеменшік мектеп салудан облыста Сайрам ауданы көш бастап тұрған. Былтыр 13 жекеменшік мектеп іске қосылса, биыл 7 жекеменшік мектептің іске қосылуы жоспарлануда. Бұл мектептер жаңа оқу жылында оқушылар қабылдайтын болады. «Жайлы мектеп» пилоттык ұлттық жобасы шеңберінде аудан аумағындағы мектептердің мәселесін шешу үшін жаңадан 3 мектептің құрылысы жоспарлануда.
Кездесуде Сайрам ауданының тұрғындары облыс әкіміне ұсыныс — пікірлері мен өтініштерін жеткізді. Қоқыс полигонын салу, ардагерлер орталығын ашу, қоғамдық көлік қатынасын реттеу, жол сапасы, газбен қамту мәселелерін көтерді. Облыс әкімі әр аудан, қала, ауыл әкімдерін халыққа жақын болуды, жағдайды толыққанды білуі, әр мәселені жедел шешуді ескертті.
— Проблеманы ашық айту керек. Шешуді де тұрғындармен бірлесе, ақылдаса отырып шешуге болады. Ортақ шешім қабылдаған жөн.
Әрбір әкім халықтың жағдайын түсініп, мәселесін заң аясында шешіп беру керек. Халыққа жақын болуы керек. Халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет. Елдің тұрмысын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы тиіс. Біз үшін әр аудан стратегиялық тұрғыдан маңызды. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, елдің мұң-мұқтажына шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Халықпен бірге, елмен етене араласып, жұмыс жасаңыздар, — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс әкімі қабылдауға жазылғандардың сұрақтарына жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Қабылдауға келгендердің дені әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтерді.
Облыс әкімінің халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.
Please follow and like us: