Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЕРТЕ БАСТАЛАДЫ

81қаралым
Түркістан облысы бойынша жылу беру маусымы Сайрам ауданында 22 наурызда аяқталды. Қалған 12 аудан, қалаларда – 1 сәуірде, ал 4 ауданда таулы аймақта орналасуына байланысты 15 сәуірде аяқталады деп күтіліп отыр. Жылыту маусымының өту барысы талқыланған аппараттың апталық отырысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармаға алдағы жылыту маусымына дайындықты қазірден бастауды, жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырды.
– Алдағы жылыту маусымына дайындық күшейтіліп, тиісті шаралар қабылдансын. 2022 жылы кездескен кейбір кемшіліктер сарапталып, енді қайталанбауы қажет. Облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына жүйелі мониторинг жүргізуді тапсырамын. Көмірдің қажеттілігі бойынша дұрыс ақпарат беріліп, жеткізу жұмыстары бақылауға алынсын. Бюджеттік мекемелерге қажетті қатты отын жеткізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жедел өткізілгені жөн. Жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында қазандықтарды, қондырғыларды, жылу жүйелерін, көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелердегі жылу жүйелерін, қазандықтарын мерзімінде шайып, тазалау қажет. Жылыту маусымына қатысты іс-шаралар жоспары бекітілсін. Бұл мәселе облыс әкімдігінің қатаң бақылауында болады, – деген Дархан Сатыбалды елді мекендерді газдандыру және жылу қазандықтарын жаңарту жұмыстарын да жүйелеу керектігіне тоқталды.
Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің хабарлауынша, облыста 1 жылу электр орталығы және 25 орталықтандырылған жылу қазандығы бар. Биыл қаңтар айында облыс аумағында ауа күрт суытуынан орталық қазандықтардың кейбірінен осалдық байқалған. Шұғыл авариялық бригадалар жұмыс атқарып, ақаулар дер кезінде қалпына келтірілген.
ҚР Премьер-Министрінің 2022 жылғы 29 қарашадағы тапсырмасына сәйкес, жылу желілеріне 2023 жылдың 1 маусымына дейін техникалық зерттеп-қарау және аудит жүргізіп, қорытындысын алу қажеттігі айтылған. Өңірде осы бағытта жұмыс жүргізіледі.
Please follow and like us: