Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімі 2020 жылы 2 триллион 432 миллиард теңге болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 3 триллионға жетті. Биыл 3,1 триллион теңгені құрайды деген болжам бар.
Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
–Қала экономикасының өнеркәсіп, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда, қызмет көрсету мен ауыл шаруашылығы секілді барлық негізгі секторларында тұрақты өсу динамикасы байқалды. Соның арқасында қаламыздың жалпыөңірлік ішкі өнімі 2020 жылы 2 триллион 432 миллиард теңге болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 3 триллионға жетті. Биыл 3,1 триллион теңгені құрайды деген болжам бар, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Көрсеткіштің өсуіне әсер ететін сектордың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары негізінен 5 өндірістік аймақта орналасқан.
Бүгінде жаңадан 3 индустриалды аймақ ашып, 2 аймақты кеңейту жоспарлануда. Биыл «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтарының инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталады.