Шымкенттік белгілі журналист Анар Сулеева атышулы «Борат» фильмінің айналасындағы дауға қатысты өз пікірін білдіріп, «Мемлекеттік туды қорлағандар жазасыз қалмау керек» деген ойын жеткізді.
«Кім не десе, о десін. Мен көк туымды көрсетпесем де қадірлеймін, құрметтеп сүйемін.
Атышулы Бораттың көк туымызды қорлағанына билік кінәлі. Ондай биліктің құны көк тиын.
Өзге елде мазақ етіп, күллі әлемге паш етіп қорлап жатқанда үкімет немесе Президентіміз нота жолдап кешірім сұрауын талап ету керек еді? Балконға ілінген көк ту үшін айыппұл салып, құнсыз екенін еліміздің өзі көрсетіп берген жоқ па еді?! Енді кімге өкпелеп, Бораттан не талап етпекпіз?
Өзгелер сені құрметтеу үшін, өзің сол құрметке лайықты болуың керек… Ал, бізде рәміздеріміз қаншалықты құнды? Қаншалықты құрметті? Өзгелер айылдарын жинау үшін қандай құрметке лайықпыз? Міне, өзімізден бастауымыз керек. Насихаттап, көшелерге желбіретіп ілуді талап ету керек. Ілінген ту үшін айыппұл салынса қайдағы құрмет? Қайдағы құнды айтып отырмыз?
Аса құрметті Қасым Жомарт Кемелұлы!
Қорланған намыстың құнын сұрап, Президент ретінде нота жолданды ма? Ұлттық намыс пен қасиетті туымыз қорлануға жол беріліп, билік қашанғы үнсіз отырмақ?», — деп жазды ол өз парақшасында.
Ақпарат пен фото белгілі журналист Анар Сулееваның инстаграмм желісіндегі парақшасынан алынды.