147
Биыл қалада мемлекет бюджеті есебінен 3342 пәтерлі 72 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Онымен қоса 19 әлеуметтік маңызы бар ғимарат салынады. Бұл туралы бүгін құрылыс басқармасының атқарған жұмыстары мен биылғы жоспарлары пысықталған жиында баяндалды.
Әлеуметтік сала нысандарының арасында Әкімшілік-іскерлік орталығы, Конгресс-холл, Оқушылар сарайы, Өнер мектебіның құрылысы бар.
Басқарманың алдағы жоспарларымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасын арттыру үшін ең алдымен бәсекелестікті күшейту қажеттігін жеткізді. Бұл ретте ірі құрылыс компанияларымен әріптестік орнатып, нарықтан тұрғын үйлер сатып алу арқылы жергілікті халықты баспанамен қамтуды ұйымдастыруды тапсырды.
«Сапасыздыққа жол бермес үшін алғашқы сатыда құрылыс жобасының барлық талаптарға сай болуын қадағалаңыздар. Мердігерлер мен соңғы қорытындыны жасайтын эксперттердің жауапкершілігін күшейту қажет. Сондай-ақ, көпқабатты үйлердің тапсыру актісін мүлік меншік иелерінің бірлестігімен бірге қабылдаңыздар. Бұл құрылыс кезінде кеткен ақауларды тездетіп қалпына келтіруде маңызды» -деді қала әкімі.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы пәтер кезегіндегі азаматтармен қатар «Отбасы банк» салымшыларын баспанамен қамту жоспары да жүйелі орындалу қажеттігін жеткізді.
Мегаполис басшысы жауаптыларға қалада алдағы уақытта бой көтеретін көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне замауи материалдар мен фибробетон, композитті панельдер қолдануды, баспаналардың ішкі интерьерін заманауи талапқа сай сапалы жасақтауды тапсырды.
Сондай-ақ қаланың сәулеттік ерекшелігіне қарай көпқабатты тұрғын үй ғимараттарының түнгі көріністерін жақсарту үшін жарықтандыру шамдарын орнату қажеттігін жеткізді.
Биыл Бозарық елдімекені үлкен құрылыс алаңына айналғалы тұр. Жоспардағы 72 көпқабатты тұрғын үйдің 54-і осы аумақта бой көтереді. Елдімекенде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 мың орындық мектептің құрылысы басталады.
Сондай-ақ қала басшысы үнемделген қаржы есебінен қолданыстағы ескі мектептердің ғимараттарын заманауи талапқа сай жаңарту бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Басқарма басшысына қалада мемлекет есебінен жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасын, өндірістік кестеге сай тапсырылуын қадағалауды ескертті.
Please follow and like us: