Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарКөкейтестіҚоғам

АПАТ САЛДАРЫН ЖОЮҒА ЖЕРГІЛІКТІ ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛЕРІ ТАРТЫЛДЫ

80қаралым

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы топан су салдарын жоюға мемлекет, тұтас қоғам, ел атсалысып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жеткізіліп, тұрғындардың үйлерін салу, өтемақыларын төлеу бағытында да жұмыстар басталып кетті. Міне, осы мәселелердің ашық түрде шешілуін, көмектің әділ жеткізілуін қамтамасыз ету мақсатында бұл жұмыстарға жергілікті қоғам белсенділері де тартылды.
Алдымен топан су шайып өткен елді мекен тұрғындарының қатысуымен жиналыстар өткізілді. Тұрғындар өз ауылдастарының арасынан белсені өкілдерін сайлады. Атап айтқанда, Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарынан жалпы 25 белсенді сайланып, өз жұмыстарына кірісіп кетті. Олар өз ауылдастарының арыздары мен өтініштерін, мәселелерін мемлекеттік органдарға немесе арнайы штабқа жеткізеді. Тиісінше мемлекет тарапынан берілетін көмектер, өтемақы мен баспанаға құжат жинау, азық-түлік үлестіру және өзге де жаңалықтар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Халық пен билік арасында алтын көпір болып жүрген белсенді азаматтардың арасында ауыл билері, түрлі сала өкілдері бар.
Жалпы Мақтаарал ауданындағы топан су салдарын жоюға мемлекеттік органдармен қатар түрлі қайырымдылық қорлары, волонтерлар клубтары, «Nur Otan» партиясы, жастар ұйымдары белсене атласысып жатыр. Сонымен бірге «Ауыл» партиясынан да гуманитарлық көмек жеткізілді. Бұл – елімізде азаматтық қоғамның қалыптасқанының белгісі.


Мақтаарал ауданындағы топан су салдарынан алдын ала есеп бойынша 6 мыңнан астам тұрғыны бар 5 елді мекенде 965 тұрғын үй су астында қалды. Мырзакент ауылының маңынан жаңа шағынауданға жер бөлініп, 505 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Ауданда топан суды сору, түрлі қалдықтардан тазарту жұмыстары жалғасуда. 10 эвакуациялық орталықтарда 2715 тұрғын орналастырылған. Оларға тұрақты түрде көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге туыстары мен жақындарының үйін паналап жүрген су басқан ауыл тұрғындары да азық-түлікпен, гуманитарлық көмекпен қамтылған.

Please follow and like us: