Шымкенттте санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу әрқашан да басым міндеттер қатарына кіреді. Баспасөз брифингінде 7 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылаған Әл-Фараби ауданының әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды атап өтті.
Ғабит Патшаханұлының айтуынша, аудан аумағының кейбір аумақтарда қоқыс контейнерлері тозығы жетуіне байланысты биыл 400 қоқыс контейнерін алуға қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Қазіргі таңда, қоқыс контейнерлерін көрсетілген талаптарға сай қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталғаннан соң, қажетті орындарға жаңа қоқыс евроконтейнерлер орнатылады.
«Санитарлық тазалық – ең өзекті мәселенің бірі. Бұған дейін контейнерлердегі қоқысты уақтылы кестеге сай алып кету бойынша біраз мәселе туындаған. Мекеменің кестеге сай алып кетпеуі немесе техникасы бұзылып қалу жағдайлары болды. Қазіргі таңда бұл мәселелер толығымен шешілді. Төрт мекеме де қоқысты уақтылы шығарып жатыр.
Қазір ескі контейнерлерді жаңарту басты назарда. Біз биыл 400 жаңа контейнер сатып аламыз деген жоспар бар. Мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурс өткізілді. Жыл соңына дейін жаңа контейнерлер келсе, жаңарту жұмыстарын бастап кетеміз», – деді аудан әкімі.
Аудан аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 192 контейнер алаңшасы және 749 қоқыс контейнері бар. Көп қабатты тұрғын үйлердің санитарлық тазалық жұмыстарын, аула, ішкі орам жолдарын тазалау, шағынаудандардағы кенеттен пайда болған қоқыс қалдықтарын тазалау жұмыстары «Бек Асыл-Сервис» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан атқарылуда.