92
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында өткен жылы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын орнату, спорт алаңшаларын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, 2019-2020 жыл аралығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аудан аумағында 100 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» жобалары аясында 85 аулада абаттандыру жұмыстары атқарылып, тұрғындар игілігіне берілді. Бағдарлама аясында 393 азамат жұмыспен қамтылды. Ауданда абаттандырылған аулалар 75 %-ы құрап отыр.
Аудан аумағындағы ойын элементтері ескірген аулаларды қайта абаттандырып, жаңарту үшін аудан аумағындағы 100 аулаға сметалық құжаттамалар әзірленді. Қаржы қаралған жағдайда жұмыстар атқарылады. Аталған жұмыстар аяқталған жағдайда жалпы аудан көлеміндегі аулалар 100 % жаңартылатын болады.
Сондай-ақ, аудан аумағында 33 спорт алаңшасы орнатылған. 2020 жылы 18 спорт алаңшасында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 15 спорт алаңшасын жаңарту мақсатында сметалық құжаттамалар әзірленді. Бюджеттен қаржы қаралған жағдайда жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын қолдау мақсатында аудан аумағына 18 воркаут алаңшалары орнатылған.
Please follow and like us: