Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданы тұрғындарымен жоспарланған есепті кездесуі өтті. 6 айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, тұрғындар сауалына жауап берді.
— Халықпен кездесулер өткізудің 2022 жылға арналған күнтізбелері бекітіліп, тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізілуде. Бұл жаңа әдістің қажеттілігі мен тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Себебі, мен 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткіздім. Жалпы кездесулерде қала тұрғындарынан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалып, 316-ы жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді шешуді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген» — деді М.Әйтенов.
Оның ішінде Абай ауданы тұрғындарымен 18 елдімекенде 63 кездесу өткізген. 216 мәселе көтеріліп, бүгінде 86-сы шешілді, 97-сі орындалуда. 36 мәселе екі жылдық жоспарға енген.
Айта кету керек, әрбір мәселе ауданда құрылған Қоғамдық бақылау кеңесімен мақұлданып, зерделеніп отырды.