92
Еліміздегі пандемияға байланысты Абай ауданында мобильдік топтар құрылып, нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Бұл туралы бүгін Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша онлайн режимде халық алдында берген есебінде айтты.
Бұхарбай Пармановтың мәлімдеуінше, Абай ауданы әкімдігі, жергілікті полиция, аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау қызметкерлерімен бірлесе жалпы 973 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1445 әкімшілік хаттама толтыру арқылы карантин шараларын бұзғандарға 33,1 млн. теңгеге айыппұл салынып, толығымен өндіріліп алынды.
— Оның ішінде әсіресе «Төтенше жағдай режимін бұзу», «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын негізсіз өсіру» және карантин режимін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «Қаулының талаптарын орындамағаны үшін» 134 хаттама толтырылып, 23,8 млн. теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, аудан аумағында орналасқан негізігі үлкен Темірлан тас жолы, Т.Рысқұлов және А.Асқаров көшелерінің бойында орналасқан заңсыз дүңгіршектермен тиісті жұмыстар жүргізіліп, ағымдағы жылдың 9 айында 16 заңсыз дүңгіршек алынды, — деді аудан әкімі.
Сонымен бірге ретсіз сауда орындарына 675 хаттама толтырылып, 298 мың теңге айыппұл салынып, толық өндірілді. Тағы бір айта кетерлігі, аудан аумағында заңсыз жарнама ілуге де мобильдік топ тосқауыл қойды. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 712 ретсіз жарнама анықталып, оның ішінде 674-і алынып тасталды.
Құзырлы органдармен өткізілген рейдтер аудан аумағында орналасқан ретсіз сауданы жою жұмыстарын жүргізу мақсатында оң нәтиже берді. «Белгіленбеген орындарда сауда жасау» бабына сәйкес барлығы 621 хаттама толтырылып, оның 409-не ескерту беріліп, 1 280 450 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «Қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бабына сәйкес барлығы 119 хаттама толтырылса, оның 114-не ескерту берілді. Бұл ретте 126 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Please follow and like us: