91
Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша құрылған арнайы топ өкілдері қаладағы бірқатар нысандарға кезекті рейд жұмыстарын жүргізді. Мүгедектерге қолайлы орта қалыптастыру жұмыстарының барысын бақылады.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы іс-шараға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, аудан әкімдіктері мен тиісті басқарма қызметкерлері және «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қалалық «Қазақ соқырлар қоғамы», мүгедектер қоғамының мүшелері қатысты.
Арнайы топ өкілдері қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалуы үшін тиісті аяқжолдар мен пандустардың ыңғайлылығын тексерді. Іс-шара барысында кедергісіз орта жасақтауда қамкөңіл жандардың ұсыныс-тілектерін ескеру қажеттігі баса айтылды.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 37 046 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» бойынша 18 көлікке 407 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілуде.
Басқарма тарапынан мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге барлық мүмкіндік жасалынды. Нәтижесінде мүгедектігі бар 2510 адамға 488445 құралдар жеткізілді.
Please follow and like us: