8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Сіздерді – Еңбекші ауданы Полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің ювенальды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы Маймакова Перизат Туганалиевнамен таныстырғымыз келеді. Өз өмір жолын ішкі істер органдарымен байланыстырған кейіпкеріміз Еңбекші ауданы Полиция басқармасының әкімшілік аумағында орналасқан №126 негізгі орта мектепке бекітілген. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін құқық қорғау органында еңбек етіп жүрген нәзік жанды аруымызды бұл салаға келуінің өзі батырлық деп білеміз. Алға қойған мақсаты мен қолға алған ісін соңына дейін жеткізіп, абыройлы қызмет етіп жүрген погонды қызды қандай мақтауға болсын лайықты деп санаймыз. Қыз мінезіне тән емес саланы игеріп, ішкі істер органдарында табандылықпен қызмет етіп жүрген аруымыз 2015 жылы Шымкент қаласы бойынша «Үздік кәмелетке толмағандар істері бойынша инспектор» марапатының иегері. 2020 жылы мінсіз қызмет атқарғаны үшін Ішкі істер министрлігінің II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» кеуде төсбелгісімен марапатталған. Өз қызметтік міндетін атқару барысында адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстарды болдырмауға, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатыр десек артық айтқандық емес. Отбасында адал жар, екі қыз бен бір ұлдың анасы. «Отбасы болған соң оның бақытты болуы екі адамға бірдей. Оған ер азамат қалай жауапты болса, әйел адам да сондай жауапты. Бала тәрбиесіне де дұрыс көңіл бөлу керек. Бақытты отбасы болуда біздің үлесіміз жоғары. Осы жолда отбасы мен қызметті қатар алып, барлығына үлгеруге тырасамын» – дейді погонды аруымыз. Қазақ қыздары бағзыдан даланы қорғаған, ерлермен бірге ерлік жасаған. Қазақ әйелі тек қана ошақ басының емес, бүкіл өмірін, ұрпағын сақтаған, ерліктің үлгісін көрсеткен. Бесік тербейтін, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ерлерді өсіретін осы Перизат секілді өжет, батыл аруларымыз.