99
Мектеп инспекторлары қызметі тәрбие берудің бір көрінісі ретінде қалыптасып келеді. Оның қызметі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, оларды бұралаң жолдың қалтарысынан қорғау болып табылады.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасының Ювеналды полиция тобының инспекторы полиция лейтенанты Шолпанай Тугелова: «Менің қарамағымдағы орта білім беру орынында мыңнан астам оқушы білім алуда. Олар мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ, біздің көмегіміз арқылы қоғамдық тәртіптің негіздерін түсіне бастайды. Бастауыш сынып оқушыларына жолда жүру ережелерін білу – жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оны үйрету біздің міндетімізге кіреді.
Ал, ата-аналармен сөйлесу арқылы бала өміріне қатысты күнделікті жағдайды қадағалап отырамыз. Қалыптасып келе жатқан жасөспірімді қоғамның толыққанды азаматы етіп тәрбиелеуде ата-анасы мен ұстаздарының, сондай-ақ, мектеп инспекторларының да үлкен үлесі барын өз қызметімізбен дәлелдеп келеміз» дейді.
Шымкент қаласы Жібек жолы көшесінде орналасқан №85 мектеп инспекторы полиция лейтенанты Шолпанай Тугелова күнделікті мектеп оқушыларын сабаққа кірерде күтіп алып, сабақ біткен соң үйлеріне шығарып салады. Олардың үйлеріне аман есен жетуіне, мектеп айналасындағы қауіпсіздігі мен әрбір құқықбұзушылығына жауап береді. Осылайша, әйел полицейлер бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетіп, қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Сөйте тұра, олар әйелге тән нәзіктілігі мен биязылығын жоғалтпай, ерлермен иық тірестіріп, тәуліктің қай мезгілімен де санаспай, өздерінің жоғары еңбек қабілеттерін көрсетуде.
Please follow and like us: