Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

ШЫМКЕНТ: ЖАСТАРҒА БЕРІЛЕТІН 300 ПӘТЕРДІҢ ИЕЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

56қаралым
Шымшаһарда жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру бағдарламасы қорытындыланды.
Бұл туралы қала әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қалалық Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушысы Абылайхан Балықбаев мәлімдеді.
– Шымкент қаласы бойынша 25-27 қаңтар аралығында жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғынжайларға өтінім қабылдау жүргізілді. Яғни, «shymkent-baspana.kz» cайты арқылы 3 648 өтініш келіп түсті. Оның 696-сы қалалық тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылды. Нәтижесінде, балл жүйесі бойынша жоғары көрсеткіштегі 300 азаматты тұрғын үймен қамту туралы шешім қабылданды, – деді ол.
Абылайхан Балықбаевтың сөзінше, 2 952 өтінім түрлі себеппен қанағаттандырылмаған. Атап айтқанда, 105-і жас шектеуі бойынша 29 жасқа толған және одан асқан, 576-сы – қаладағы тұрақты тіркеуі 2 жылға толмаған азамат. Ал 2 271 тұрғынның табыс көзі 40 АЕК-тен төмен және құжаттары толық болмаған. Осы орайда спикерлер БАҚ өкілдері тарапынан қорытынды нәтижеге байланысты көтерілген мәселелерге жан-жақты жауап берді.
Еске салсақ, Шымкент қаласы бойынша жастарға сатып алу құқығынсыз 300 тұрғын үй бөлінген. Яғни, 195 – бір бөлмелі, 105 – екі бөлмелі пәтер. Бұл баспаналар «Жаңа Тұрлан», «Тұран» және «Асар-2» шағынаудандарынан беріледі.
Айта кетейік, тұрғын үйдің төменгі қабаттарына отбасы мүшелерінде І, ІІ топ мүгедектігі бар немесе мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы ауру түрімен ауыратын азаматтарға бөлу және одан кейінгі кезекте азаматтардың балл саны мен бала санына қарай орналастыру көзделіп отыр.
Please follow and like us: