76
Шымкент қаласы бойынша 25-27 қаңтар аралығында жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғынжайларға өтінім қабылдау жүргізілген болатын. «shymkent-baspana.kz» ақпараттық cайты арқылы 3 648 өтініш келіп түскен. Оның 696-сы қалалық тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылды. Нәтижесінде, балл жүйесі бойынша жоғары көрсеткіштегі 300 азаматты тұрғын үймен қамту туралы шешім қабылданып, тізімдері жарияланды.
Бұл жөнінде бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушысы А.Балықбаев және бөлім басшысы Ж.Ордабекованың қатысуымен брифинг өтті.
Абылайхан Балықбаевтың сөзінше, 2 952 өтінім түрлі себеппен қанағаттандырылмаған. Атап айтқанда, 105-і жас шектеуі бойынша 29 жасқа толған және одан асқан, 576-сы – қаладағы тұрақты тіркеуі 2 жылға толмаған азамат. Ал 2 271 тұрғынның табыс көзі 40 АЕК-тен төмен және құжаттары толық болмаған. Өткізілген құжаттардың басым бөлігінде Шымкент қаласының аумағында ғана емес ҚР аумағында меншігінде үй болмағаны жөніндегі анықтамасы дұрыс енгізілмеген. Сонымен бірге, берілген өтінімдерді қайта қарап, толықтыру мақсатында 4 ақпанда бір күнге сайт ашылып, мүмкіндік берілген болатын.
Комиссия құрамында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы мүшелері мен БАҚ өкілдері және басқа да қоғам белсенділері болғанын жеткізді.
Алдағы аптада байқау жеңімпаздарымен келісімшарт түзілетін болады. 195 – бір бөлмелі, 105 – екі бөлмелі пәтер. Бұл баспаналар «Жаңа Тұрлан», «Тұран» және «Асар-2» шағынаудандарынан беріледі.
Тұрғын үйдің төменгі қабаттарына отбасы мүшелерінде І, ІІ топ мүгедектігі бар немесе мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы ауру түрімен ауыратын азаматтарға бөлу және одан кейінгі кезекте азаматтардың балл саны мен бала санына қарай орналастыру көзделіп отыр.
Жеңімпаздар тізімін @upravleniezhilya инстаграм парақшасында жарияланды.
Конкурс бойынша қандай да шағым, өтініштерді қалалық тұрғын үй басқармасының +7 700 674 2052 уатсап нөмірі арқылы жолдауға болады.
Please follow and like us: