80
Биыл Шымкент қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «2-10-20» («Бақытты отбасы») несиелендіру шарты аясында 300-ден астам аз қамтылған отбасыларды тұрғынжаймен қамту жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Шаңырақ» жобасы («5-10-20» несиелендіру шарты) бойынша 1728 пәтерді үлестіру қарастырылған. Демек, баспанаға мұқтаж азаматтар мемлекеттік қолдау аясында жеңілдетілген несиелер бойынша пәтер ала алады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25» несиелендіру шарты аясында 100-ден астам азаматты баспанамен қамту жоспарланып отыр.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков халыққа ұсынылып отырған несиелік шарттардың тиімділігімен танысу мақсатында «Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының басшылығын қабылдады.
– Жеңілдетілген несиелер баспанаға қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Алайда халықтың жағдайын ескеруіміз қажет. Азаматтарға тиімді әрі қолжетімді шарттар болуы тиіс. Сол себепті алдағы уақытта банк тарапынан ұсынылып отырған жеңілдетілген несиелерді барынша қадағалайтын боламыз, – деді қала әкімінің орынбасары.
Шымкент қаласы бойынша бүгінде 42 мыңнан астам азамат үй кезегінде тіркеуде тұр. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, мемлекеттік қызметкерлер және жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар кіреді. Халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қалалық тұрғын үй басқармасының биылға үш басым бағыты белгіленген. Яғни, кезек ретімен тұрғын үймен қамту, жеңілдетілген несиелер арқылы қамтамасыз ету мен тұрғын үй қорын жаңғырту. Несиелік тұрғын үй бағыттары бойынша бастапқы жарнасының бір бөлігіне әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде жергілікті бюджеттің есебінен бөлінген 300 млн теңгеге дейін (әр азаматқа 1 млн. теңгеге дейін) тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған.
Please follow and like us: