Яндекс.Метрика
Қоғам

ШЫМКЕНТТЕ «ДОМАЛАҚ АНА» ОПЕРАСЫ ҚОЙЫЛАДЫ

99қаралым
Бүгін «Шымкент қалалық опера және балет театры» МКҚК директорының міндетін атқарушысы Майра Мұхамедқызының қатысуымен опера және балет театры сахнасындағы жаңа қойылымдар мен алдағы жоспарлар бойынша брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Майра Мұхамедқызы үшінші мегаполистегі бекзат өнер туралы сөз қозғады.
– Шымкент қаласының опера және балет театры репертуарында 16 опера, 1 мюзикл, 1 оперетта және 3 балалар балеті бар. Театр әртістері Польша, Германия, Италия мемлекеттерінде өткен халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, өңіріміздің абыройын асқақтатып келеді. Биыл Италия мемлекетіндегі, әлемге әйгілі «Карло Феличе» опера театрының директоры, маэстро Джузеппе Аквавивомен шығармашылық-әріптестік байланыс орнатып, еліміздегі үшінші опера және балет театрының мәртебесін әлемдік деңгейге жеткізу басты мақсат болып отыр, – деді Майра Мұхамедқызы.
Ширатып жеткізсек, осы жылы 76 іс-шара, оның ішінде 40 қойылым, 36 концерттік бағдарлама мен фестиваль ұйымдастыру жоспарлануда. Атап айтқанда, дарынды жас композитор Тасқын Жармұхамедтің «Домалақ ана» операсы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және наурыз мерекесіне орай қойылады.
Спикердің сөзінше, опера және балет өнерін жаңғырту мақсатында Италия мемлекеті Милан қаласының опера әншісі, тенор, опера орындаушылар маэстросы, ән айту техникасының профессоры, Италия опера мектебінің негізін қалаушы Анатолий Гусев эксперт-маман ретінде шақырылып, әртістердің техникалық мүмкіндіктерін реттеуге көмектесуде.
Брифинг барысында эксперт-маман тәжірибесімен бөлісіп, өз пікірін жеткізді.
– Ең алдымен, әлемдік деңгейдегі опера саласының кәсіби маманын осы қызметке тағайындау үлкен ақылмен ойластырылған іс дер едім. Себебі, Майра ханым – театрдың ішкі жағдайына талдау жасай алатын әнші. Екіншіден, қай елде болмасын кез келген әнші тәжірибелі маманның тыңдауына зәру. Күні кеше Шымкент қаласы Опера және балет театрының әртістерін тыңдап, алғашқы қадамымды жасадым. Талантты, даусы өте жақсы өнерпаздарды байқадым. Яғни, алдағы уақытта стильдік және техникалық жағынан міндетті түрде көмектесемін, – деді Анатолий Алексеевич.
Айта кетейік, қалалық Опера және балет театрының 330 көрерменді сыйдыра алатын үлкен және 80 көрермендік кіші залы бар.
Please follow and like us: