Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ АЗ ҚАМТЫЛҒАН АЗАМАТТАРДЫҢ БАСПАНАЛЫ БОЛУЫНА БАРЫНША ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛУДЕ 

53қаралым
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың баспаналы болуына барынша қолдау көрсетілуде. Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше жыл басынан бері аз қамтамасыз етілген 1090 азаматқа жаңа тұрғын үйлерден жалға алу және ипотеканың жеңілдетілген түрлері негізінде пәтерлер берілген. Жалдамалы пәтер салу шаралары аясында сондай-ақ, «Жастар» бағдарламасы бойынша 900-ден астам жас баспаналы болды. Жалпы, биыл үй кезегінде тұрған 2696 қала тұрғыны арендалық және «5-20-25», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша пәтерлермен қамтылған. Пәтерлер Нұрсат, Тұран және Шымсити мөлтекаудандарында бой көтерген тұрғын үйлерден үлестірілді.
«Азаматтарды баспанамен қамту мәселесінде әлеуметтік қолдау жіті назарда. Жеңілдетілген бағдарламалар бойынша пәтер алу үшін ол азамат біріншіден кезекте тұрған болуы қажет. Табыс мөлшерінің жеткіліксіздігі мен соңғы 5 жылда оның және отбасы мүшелерінің меншік құқығында үйі болмауы ескеріледі,-дейді Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Ордабекова.
Шымкент қаласында тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мәселен, келесі жылдың бірінші жарты жылдығында «Жастар» бағдарламасы бойынша және көпбалалы отбасы санаты мен аз қамтамасыз етілген азаматтарға бір мыңға жуық пәтер үлестірілетін болады.
Мәліметке жүгінсек, қазіргі таңда 40 мыңнан аса қала тұрғыны үй кезегінде тіркеулі. Оның ішіне жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен мемлекеттік, әскери және бюджеттік ұйым қызметкерлері кіреді.
Баспана мәселесіне қатысты туындайтын қосымша сұрақтар бойынша whatsapp арқылы арнайы +7 700 674 20 52 нөміріне хабарласуға болады.
Please follow and like us: