ТҮРКІСТАН: МӘМС ПАКЕТІ ШЕҢБЕРІНДЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚЫЗМЕТТЕР ҮШІН 20,3 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ ТӨЛЕНГЕН
81
Ағымдағы жылдың 9 айында Медициналық сақтандыру қоры Түркістан облысы тұрғындарына МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер үшін 20,3 млрд теңгеге жуық қаржы төледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жансерік Есімов хабарлады.
Оның айтуынша, төлемнің басым бөлігі стационарда көрсетілген медициналық қызметтерге тиесілі.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген алғашқы 9 айда көрсетілген медициналық қызмет көлемінің артқанын аңғаруға болады. Бағасы қымбат анализдер, халықтың қалтасы көтере бермейтін диагностика мен операция түрлері жыл басынан бері сақтандыру қоры есебінен көрсетіліп жатыр. Карантин кезінде сақтандырылған тұрғындар бағасы қымбат медициналық қызметтерді жиі пайдалануға мүмкіндік алды. Қаржының 7,1 млрд. теңгесі халық тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отырған консультативтік-диагностикалық қызмет түрлеріне төленді. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айында 11 442 КТ/МРТ қызметі көрсетілген. Оған 176 млн теңге төленді. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 2 есе көп. Сақтандырылған тұрғындар карантин кезінде 1,3 млрд теңгеге ПТР-тест тапсырды. Сондай-ақ, Қор қаражатты профилактикалық тексерулерге, медициналық реабилитация және қалпына келтіруге бағытталған ем-дом үшін төледі», – деді Жансерік Есімов.
Айта кетерлігі, азаматтар белгілі бір медициналық қызмет көрсетілмеген жағдайда Қордың «1406» байланыс орталығына хабарласа алады. Ал өтініштер мен шағымдарды МСҚ «Qoldau 24/7» қосымшасы арқылы да қалдыруға болады.
Сонымен қатар, брифинге қатысқан Түркістан қалалық емханасының дәрігері Ақнұр Әлханова елімізде азаматтарды емханаға тіркеу науқаны аяқталғанын баяндады. Оның мәлімдеуінше, биыл қыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында өтетін дәстүрлі науқан барысында Түркістан облысының 30 мыңнан астам тұрғыны емхана ауыстырған. Биылғы тіркеу науқаны барысында емхана ауыстырған азаматтар жаңа емдеу мекемесінің қызметін 2021-жылдың 1-қаңтарынан бастап пайдалана алады.
Please follow and like us: