Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

«ШЫМКЕНТ – ТМД ЕЛДЕРІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ» ЖЫЛЫН АБЫРОЙМЕН ӨТКІЗДІК

95қаралым
Шымкентіміз ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғаны күні кеше ғана секілді еді. Сынаптай зымыраған уақыттың өте шыққанын аңғармай қалыппыз. Әлемді әбігерге түсірген пандемияның әлегіне қарамастан мәдени астана атанған шаһарымызда игілікті көптеген шаралар онлайн форматта ұйымдастырылса да әсерлі өтті.
«Мәдени астана» жылының жабылуы аясында 6 театр, 5 кітапхана, цирк, зообақ, әдет ғұрып және салт дәстүр орталығы, Мәдениет үйі және басқа да мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдарының күшімен 48 спектакль, 99 онлайн-іс-шара, 7 жылжымалы театр перфомансы, 5 музыкалық перфоманс, ақын-жазушылар, әдеби қайраткерлер бейнесіндегі қуыршақтар шеруі ұйымдастырылыпты. Шымкент қаласының жас суретшілерінің көрмесі мен ғимараттардың қасбеттерінде 7 мурал ашылғанын естіп, қуанып қалдық. Бұл да бір жетістік, бұл да тарихи сәт.
Бір байқағаным, айтулы сәтті тамашалауға шетелден арнайы делегация келіп, өзге де сыйлы қонақтар қатысты. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мерекелі жылды қорытындылап, ТМД мәдени астанасы эстафетасын Душанбеге жолдады. Машақаты көп шаруа болса да бұл жауапты да мәртебелі миссияны Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов абыроймен атқарып, эстафетаны Душанбеге табыстады.
Жабылу салтанатының ауқымдылығы, жарқындығы керемет әсер қалдырды. Салтанатты жиын жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Қауіпсіздік шаралары да жоғарғы деңгейде жүзеге асырылған. Бұл тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Шымкенттің мәртебесі биіктеп, еліміздің мерейі үстем болсын!
Ханбибі Есенқарақызы,
ақын, «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Please follow and like us: