116
«Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылын да сәтті өткеріп, эстафетаны тәжік еліне абыроймен ұсындық. Бүкіләлемдік коронавирус пандемиясы еларалық сыйластыққа, жылы қарым-қатынасқа, халықаралық достастыққа сызат түсіре алмады. Жабылу салтанаты «Қазақ деген қандай халық?» деген жұрттар үшін ұялмай жауап беретіндей жоғарғы деңгейде өтті.
2200 жылдық тарихы бар көне шаһардан 2200 кітап, 2200 қызғалдақ гүлінің тұқымы және 2200 тұмарша салынған қоржындар артқан «Уақыт керуені» Душанбеге аттанды. Ол керуен бір апта бойы қала көшелерінде тұрғындардың ыстық ықыласы мен лебізін жинады. Шаһарлықтар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған салтанатты мерекелік шараның әсері көңілді әлі де әдемі шуағымен тербеп тұр. Абай саябағында өткен әдеби шерудің өзі қандай болды?! Қазақ және орыс әдебиеттерінің классиктерін бейнелеген қуыршақ-перфоманстарды көріп, ұлылар қайта тіріліп келгендей әсерге бөлендік.
ТМД Атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедев те пандемиялық қиын ахуалға қарамай Шымкент қаласының әкімдігі осынау мәртебені абыроймен алып шыққанын айтып жақсы бағасын беріп жатты. «Енді заманауи Шымкент ТМД-ның мәдени орталығы болғаны шүбәсіз», — деді ол өз сөзінде.
Цитадельдегі «Open Air» ашық аспан астындағы от шоуы біздің жүректеріміздің жылуын сақтайтын ғажап естелік болды.
Арбаттың орталығына кішігірім сахна қойылып, жергілікті театрлардың әртістері тамаша мереке сыйлады. Қала тұрғындары да сол сахналық қойылымдарға қатысып, нағыз иммерсивті театрда жүргендей әсер алды.
«Қызыл трактор» арт-тобының күрделі концепциясы неогмагнитті ұшатын аппараттың ұшуын бейнеледі. Сақ бас киімдерінің бөлшектері ғарыштық киімдермен үйлесуі Ковид-19-дан қорғану дегенді айтқысы келгендей. Стильдердің фюжн-құрамасынан көрермендер көз алмай қарады.
3D текше кеңістікке заманауи жастар жиналды. Ерекше хореографиялық қойылым заманауи мегаполистің тынымсыз тыныс-тіршілігін сипаттап тұрғандай.
Қаладағы Оспанов және Орманов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына салынған суреттер де есте қаларлықтай өзгеше сый еді.
Біз Цитадельде өткен жабылу салтанатында Тәжікстанның біздің еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі мен шаһар басшысына сазсырнай ежелгі музыкалық аспабын таныстырдық. Сыртқы түрі тауықтың жұмыртқасын еске салады. Ол жер, су, от және ауа деген төрт табиғи стихияның белгісі іспетті. Шеберлер оны сазбалшықтан жасап, отпен күйдіреді.
Көптеген қызықты оқиғалар, көріністер болды. Өзімнің көзіме оттай басылғандарын ғана айтып отырмын. Осынау айтулы іс-шараны абыроймен атқаруды ұтымды ұйымдастырып, эстафетаны Душанбе қаласына табысты табыстаған қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен жүзеге асқан шырайлы мереке бәріміз үшін мәртебе болды.
Құралай СӘТМҰХАМБЕТОВА, әнші, композитор
Please follow and like us: