Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

ТМД-НЫҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ БОЛҒАН ШЫМ ШАҺАРЫМЫЗ ТЕКТІ ҚАЛА ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕЙ БІЛДІ

66қаралым
Шымкент шаһары сақтардың сүйікті мекені, түркілердің текті тұғыры болғанын тарих дәлелдеп, археологтар дәйектеп берді. Біз пақырыңыз да 2014 жылы ел газеті «Егемен Қазақстанда» бір бетке жуық мақала мәністеп, шұғылалы Шымқаланың 2200 жылдығын ресми түрде ресімдеудің мезгіл жеткенін мәселе етіп көтергенбіз. Әлбетте, даналардың мұраларына, тарихшылардың тағлымдарына, археологтардың айқындамаларына, зерттеушілердің зерделеулеріне сүйенгенбіз. Міне, енді сәтін салса, бір-екі жылда үшінші мегаполисіңіздің 2200 жылдығы да атап өтілмек.
Сәтін салды деген сол ғой, 2020 жылы Шым шаһарымыз ТМД-ның мәдени астанасына айналды. Ізгілікті істер, ұлан-ғайып шаруалар атқарылды. Тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Әрине, әлемді әбігерге салып, дүниені дүрбелеңге түсірген пандемия деген пәлекеттің кесірі көп зиян келтірді.
Қиындықтарға қарамастан, шуақты Шымкенттің ақ ниетті, пәк пейілді жұртшылығы абырой биігінен көрінді деп қуанамыз. Басшылар да, қосшылар да ерен еңбектің, бірлік пен ынтымақтың, жоғары жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Бұған күні кешегі Ескі қаланың Цитадель аталатын тарихи төбесінде өткен өнегелі шара – айқын айғақ. Айтулы археолог, жерлесіміз, бауырымыз, бүгінде Әлкей Марғұлан атындағы археология институтын басқаратын Бауыржан Байтанаевтың еңбегін елеген, зерттеулеріне зейін қойған Елбасыға, Мемлекет басшысына, шаһардың бұрынды-соңды әкімдеріне, барша тұрғындарға Алла разы болсын айтамыз.
Шымкенттің ТМД елдерінің Мәдени астанасына айналуына байланысты Цитадель аталатын тарихи төбе қаншама құпияларын ашты. Қат-қат құндылықтарға толы, құрылыс қалдықтары, қаншама мәдени қабаттар жұмбақтарын жайып салды. Талай-талай тарихи тұғырлар қалпына келтірілді. Бағзыдағы баға жеткісіз бәдізді ескерткіштер, археологиялық мән-манызы өлшеусіз бұйымдардың сыңғыр-сынықтары, арғы ата-бабаларымыздың алақандарында жақұттай жарқыраған жәдігерлік дүниелер біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың соңы мен біздің заманға тиесілі бірінші мыңжылдықтың алғашқы жартысындағы жағдаяттардан сыр шертеді.
Өкінішке қарай, алып зауыттар салынған, асыра сілтеу, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін кезеңдерінде қаншама ежелгі ғимараттар қалдықтары, тарихи құнды төбелер, мешіттер аяусыз қиратылып, талқандалып, жойылып кетті десеңізші.
Шүкіршілік, сәл де болса сақталып қалған қасиетті, киелі дүниелер баршылық. ТМД-ның мәдени астанасы болған Шым шаһарымыз көне кент тарихы терең текті қала екенін дәлелдей білді. Таяу келешекте Шым шаһар нағыз инновация, заманауи стартаптар мен интеллектуалдар қаласына айналады. Бір замандарда мұңлық аталған, мұңайып аққан Қошқар ата өзенінің қайнар көздері мөлдірей ашылып, қуана ақса дейміз. Ол үшін әрбір шымкенттік жоғары жауапкершілікті терең сезініп, ырыс алды – ынтымақты көздің қарашығындай сақтап, еңбектене білмегі керек-дүр.
Мархабат БАЙҒҰТ,
«Алаш» халықаралық сыйлығының иегері
Please follow and like us: