91
Түркістан қаласында биылғы жылы ашылған Халықаралық Туризм және меймандостық университеті мен Франция елінің Анжэ қаласында орналасқан University of Angers арасында ынтымақтастық туралы келісімге онлайн-қол қою рәсімі өтті. Екі жақты келісім Франциядағы ҚР Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Қол қою рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Басқарма Төрайымы, Халықаралық Туризм және меймандостық университетінің ректоры Майнұр Мырзамадиева мен Франция елінің Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы Мемлекеттік хатшысы Жан-Батист Лемуан және University of Angers ректоры Кристиана Робледо қатысты.
Келісім аясында жоғарғы оқу орындары арасында серіктестік қарым-қатынас орнату мен оқытушылар құрамы және студенттерімен өзара байланыс орнату көзделіп отыр.
Халықаралық Туризм және меймандостық университеті Түркістан қаласында Елбасының бастамасымен және Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ашылған болатын. Қазақстандағы алғашқы халықаралық деңгейдегі университет туризм саласында әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлайтын білім ордасы. Қазіргі уақытта университет студенттері алты білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда.
Университет басшылығы АҚШ, Франция, Италия, Португалия, Словакия, Гонконг, Үндістан және басқа да жетекші жоғары оқу орындарымен, сондай – ақ ЮНЕСКО (Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі мамандандырылған мекемесі) және БҰҰ UNWTO (Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік Туристік Ұйымы) халықаралық ұйымдарымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған.
Қазақстанның туристік саласын дамыту үшін білікті кадрлар даярлайтын алғашқы бейінді жоғары оқу орнына Түркістан облысының басшылығы барынша қолдау көрсетуде.
Please follow and like us: