Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Жолдауды іске асыру бойынша орынбасарларына нақты тапсырмалар жүктеді. Жолдаудан туындаған міндеттерді іске асыруға кірісу қажет.
Қала әкімі қоршаған ортаны қорғау, білім және денсаулық сақтау саласы басты назарда болатынын айтты. Осы орайда нақты жұмыстар атқарылуы тиіс.
– Президент қоршаған ортаны сақтауға көп көңіл бөлді. Бұл мәселе Шымкентте де аса маңызды. Шымкент қаласы көше бойындағы биік ағаштармен және арықтарда сылдырлап ағып жататын суымен ерекшеленетін. Қазір қала өскен сайын ағаш саны азайып, көлеңке тарылып кеткен секілді әсер қалдырады. Жалпы, қала аумағында 14 784 гектар жер телімінде 6 миллионға жуық ағаш пен көпжылдық бұтақтар бар. Бұл – өте аз. Орынбасарым Исахов Мақсұт Пернебайұлына аудан әкімдерімен бірлесіп, қаланың жасыл-желек қорына ревизия жасап, жаңа көшелердің бойына су жүргізіп, ағаш егудің бес жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Білім және денсаулық саласын дамыту маңызды басым бағыттардың бірі. Қала әкімі білім саласында сапаға мән беруге назара аударып, шаһарда медицина кластерін қалыптастыруға барлық жағдай бар екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы баланы мектепке дейін жан-жақты тәрбиелеуге баса назар аударды. Шымкентте 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 86,1 пайыз. Мұны 2025 жылға дейін 100 пайызға жеткізу қажет. Көрсеткіш қуамыз деп сапаның естен шықпағаны жөн. Қазір қаладағы 526 мектепке дейінгі ұйымның 85 пайызы жекеменшік үлесінде. Ондағы тәрбие сапасына да айтылып жатқан сын жоқ емес. Мемлекеттік органдар мен ата-аналар бірлесіп, санды сапаға айналдырар кез келді.
Қалада 19 үш ауысымды мектеп бар. Жылына мектеп оқушылары 12 мың балаға көбейіп отырғанын ескерсек, осы жағдайды ұстап тұру үшін бізге жылына кем дегенде 5-6 мектеп салып отыру қажет.
Бұдан былай, денсаулық сақтау саласы басты назарда болады. Биыл саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 миллирд 660 миллион теңге қаралып отыр. Жалпы, Шымкентте медицина кластерін қалыптастыруға барлық жағдай бар, – деді М. Әйтенов.
Қала әкімі бірінші орынбасары Мұқан Шыңғыс Жұмабекұлына Президент Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалуын үйлестіруді, білім және денсаулық салаларын дамытудың 2025 жылға дейін Бағдарламасын жасауды тапсырды.