Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

АТА ЗАҢ — МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ, БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

69қаралым

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Ата Заңымызға 25 жыл толып отыр. 1995 жылы 30 тамызда республикада өткен бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді.

Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.

Еліміздің өркенді әрі серпінді дамуына шымкенттіктер де лайықты үлес қосып келеді. Үшінші мегаполис күннен күнге көркейе түсуде. Халықтың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуда. Биыл шымкенттіктер қаламыздың ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған мерейлі мерекесін карантин жағдайына байланысты онлайн тамашалады. Мереке қарсаңында көптеген игі шаралар өтті. Мұның бәрі Ата заңымызда көрсетілгендей қоғамның басты байлығы халық үшін жасалған ізгі жұмыстар.

Қымбатты шаһар тұрғындары!

Ата Заң – мемлекетіміздің алтын қазығы, басты құндылығы. Оны қастерлеу әрбір азаматтық қасиетті парызы. Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін.
Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

Please follow and like us: