Қазақстанның Жоғарғы Соты карантин жағдайындағы жұмысын қашықтан жүргізуде. Қазіргі уақытта республика соттары 100 пайыз сот отырыстарын онлайн қарауға көшті. Алайда жыл өткен сайын сотқа келіп түсетін арыз-шағымдар саны өсіп келеді. Бұл сот процесінің сапасына кері әсер етуі мүмкін. Осыған орай Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов татуластыру рәсімдеріне қатысты өз үндеуін жариялады.
«Жау мен дау – егіз» дейді халқымыз. Дауласу кез келген, тіпті дамыған елдерге де тән құбылыс. Бірақ сол дау-жанжалды ушықтырмай шеше аламыз ба? Сол дауды шешу мәдениетіміз қандай? Бізде кез келген дауды сот шешеді деген көзқарас қалыптасқан. Дегенмен мынаны білген жөн. Біріншіден, істі қарау ұзаққа созылуы мүмкін. Ол аяқталғанша, бір емес, біраз сот отырысы өтеді. Аппеляция, тіпті кассация шешімі де көңілден шықпауы мүмкін. Екіншіден, бұл үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, заңгер жалдайсыз. Жолға, қонақүйге шығындаласыз. Үшіншіден, ашуға ерік беріп, жүйкеңіз жұқарады. Неге десеңіз, сот – дау алаңы. Онда айтысып, тартысуға мәжбүрсіз. Отбасы, достар, жұмыс, бизнес – бәрі шетте қалады. Бұл бер жағы. Кейде тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер де айтып жатады. Егер дауласушылар бір әулеттен болса, онда сол шаңырақтан береке қашады. Ал дос, қызметтес болса, арадағы сыйластық бұзылады.
Жалпы, елімізде дау-дамай саны жылдан-жылға артып барады. 2014 жылы сотта 1,6 млн іс қаралса, 2019 жылы 3,3 млн немесе 2 есе көп. Әр судья бір мезетте 100-ден аса азаматтық іс пен материал қарайды. Жұмысқа көмілген судьядан қандай сапа, қандай нәтиже күтуге болады? Оның үстіне, ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар да бар. Мысалы, ағайын арасындағы дауды сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? Бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Бұл – қанымызда бар қасиет. Қазақ даласында дау бейбіт жолмен шешіліп отырған. Дамыған елдерде даулардың 70-90%-ы сотсыз, бітіммен аяқталады.