Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғам

ШЫМКЕНТ: ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

64қаралым

Шымкентте өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков мәлімдеді.

– Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының тапсырмасымен бүгінде біздің басқарма мемлекеттік бағдарлама аясында үш бағытта істеуде. Олар – өнеркәсіп, инвестиция, шағын және орта бизнес. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 100,2 пайызға өсіп отыр. Өңдеу өнеркәсібі саласында жасалынған талдаулардың нәтижесінде бірқатар салалардың да көлемі өскендігі байқалады. Мәселен, өзге металл емес минералды өнімдерді өндіру, фармацевтика өнеркәсібі, қағаз өндіру, машина жасау және дайын металл бұйымдарын өндіру. Сондай-ақ, қазіргі таңда 2020–2025 жылдарға арналған Шымкент қаласының кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында 3788 жаңа жұмыс орнын құрумен 20 жоба іске асырылуда. Оның ішінде осы жылы 454 жаңа жұмыс орнын құрумен 6 жоба іске қосылуы жоспарланып отыр, – деді Б.Дүйсебеков.

Береке Талғатұлының сөзіне сүйенсек, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 95 кәсіпорыннан өтініш түскен. Ал инвестиция жайын жеткізсек, осы жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қалаға 129,5 млрд теңгеге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 125,1 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар қала аумағында 2020–2024 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 113 инвестициялық жобалардың базасы жасақталған. Жоба жүзеге асса, 9500-ден аса жұмыс орындары ашылады. Ал осы жылы құны 90,7 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жоба іске асырылып, 2000-ға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.

Айта кетейік, бүгінде қалаға инвесторларды тарту мақсатында аумағы 306 гектарды құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағы құрылуда.

 

 

Please follow and like us: