Шымкент қаласының Ақтас -2 шағынауданы сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі. Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдау кезінде айтты.
Қала басшысының онлайн қабылдауында болған Ақпан Жұмаділлә — Ақтас-2 шағын ауданындағы инфрақұрылым және интернет мәселесін сөз қылды.
«Ақтас-2 шағын ауданына ауыз су, табиғи газ берілуі бойынша аудан әкімдігіне өтініш берілген. Алайда әлі күнге дейін мәселеміз шешілмей келеді және жаңа оқу жылына қарай интернет жайы да шешілсе екен», — деді ол.
Мұрат Әйтенов аталған шағын ауданға ауыз су жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалып жатқанын жеткізді.
«Табиғи газ желісі құрылысының жобасы әзірленіп, маусым айында жұмыстар басталған. Сараптама қорытындысы шықса, бюджеттен қаржы қаралып, газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіледі. Ал интернетке келер болсақ, қалада 43 нүктеге байланыс станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Ақтас-2 шағынауданына да орнатылатын болады» — дейді әкім.
Сондай-ақ, онлайн қабылдауы барысында жер учаскесін заңсыз басқа азаматтарға берілгенін айтқан Ұлболған Мелдебаеваның мәселесін қала әкімі жеке бақылауына алды. Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғынның арызы бойынша ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын бақылау комитетіне тиісті тексеру жүргізу үшін хат жолданғанын, тексеру нәтижесі бойынша заңға сәйкес жұмыс жүргізілетінін айтты.
Қала әкімінің азаматтарды онлайн қабылдауы барысында жол құрылысы, тұрғын үй кезегіне қатысты тұрғындардың арыз-шағымы тыңдалды. Мұрат Әйтенов басқарма басшыларына заң аясында тиісті шара қолданып, азаматтардың сауалына оңтайлы жауап берілуін тапсырды.