Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғам

СІЗ АУЫЗАШАРДЫ ҚАЛАЙ ЖАСАЙСЫЗ?

87қаралым

Карантин кезеңде дастархан жаюға, қонақ шақыруға ауызашар жасауға тиым салынғанын білеміз. Жаны жомарт жандар оның да есебін тапты. Тұрмысы төмен отбасыларға азық түлік тарату, ауызашарға жайылатын дастарханды тарқату сияқты қайырымды істер атқарып келеді.

«Құрмет» орденінің иегері, меценат Байкен Әшірбаев Шымкенттегі 550 отбасыға азық-түлік таратты.

Қазақстанның Бас мүфтиі Рамазан айының қарсаңында елімізде жарияланған төтенше жағдай талаптары ескеріліп, қауіпсіздікті сақтау үшін ауызашар берудің орнына ораза ұстаған жандарға тамақ таратып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік үлестіруге, оларға қаржылай қолдау көрсетуге шақырған болатын.

Бұған дейін бірнеше рет қайырымдылық шараларды ұйымдастырып, игі істердің басы-қасында жүретін Байкен Әшірбаев төтенше жағдай кезінде аз қамтылған жанұяларға жәрдем беруді жөн санаған.

Жомарт жүректі азамат Шымкенттегі «Жыланбұзған», «Абдул Абад», «Қызылжар», «Турды абат», «Маятас», «Тоғыс», «Бадам-1», «Бадам-2», «Жұлдыз», «Жалын», «Қаратөбе», «Қайнарбұлақ» тұрғын алаптарындағы аз қамтылған отбасыларға «ауызашар қоржынын» үлестірді. Әр отбасыға таратылған «ауызашар қоржынында» 1 қап ұн, 5 литр өсімдік майы, 5 келі қант, 5 келі макарон, шай сынды күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлері бар. Сонымен қатар бетперделер де таратылды.

Ізгі шара «Жыланбұзған» тұрғын алабының тұрғындарына азық-түліктерді таратудан басталды. Қарапайым халыққа азық-түліктерді кәсіпкердің өзі мен бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиев пен кикбостан әлем чемпионы Нүркен Төлегеновтер үлестірді.

Қасиетті айда қайырым жасауды азаматтық міндеті санап, 550 отбасының алғысын алған Байкен Әшірбаев жерлестеріне жәрдем беруді алдағы уақытта да жалғастыратынын мәлімдеді.

Please follow and like us: