Шымкент қаласында провизорлық стационарлардағы 80 пайыздан астам төсек — орын босады. Бұл жөнінде бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимирхан Варзилов мәлімдеді, деп жазады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ordainfo.kz ақпараттық агенттігі.
Оның айтуынша, қаладағы эпидемиялогиялық ахуал күннен-күнге жақсарып, жұқпалы ауруға шалдыққан науқастардың саны азаюда.
«Шымкент қаласында COVID-19 инфекциясымен күреске медициналық ұйымдарда 26 провизорлық орындар жұмыс істеді. Бүгінгі күні провизорлық орындардың 19 пайызы ғана жұмыс жасап, 81 пайыз төсек-орындар босады» — деп хабарлады Т.Вазилов.
Медициналық мекемелер тамыздан бастап қалыпты жағдайдағы жұмыстарын бастаған. Яғни, науқастар жоспарлы түрде ем қабылдауына болады.
Сондай-ақ, 11 тамыздағы жағдай бойынша қалада коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар саны – 5114, оның ішіне 2608 симптомды, 2506 симтомсыз. Індетінен айыққандар саны 3865-ке жетті.
Айта кету керек, елде жарияланған карантин өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізді.