Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғам

АДАМЗАТ АҚЫЛ-ОЙЫНЫҢ АСҚАР ШЫҢЫНА АЙНАЛҒАН АБАЙ ҚАЗАҚТЫҢ МАҚТАНЫШЫ

73қаралым

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!

Баршаңызды еліміздегі жаңа мереке — Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 10 тамыз – Абай күні ретінде белгіленіп, мемлекеттік мерекелердің тізіміне енгізілді. Бұл — данышпан ақынға деген құрмет, оның рухани мұрасын зерттеп, тану мен насихаттау жолындағы маңызды қадам.

Бүгінде кез келген ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мен даму деңгейі оның әлем мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесі және адамзатқа сыйлаған ардақты тұлғаларымен өлшенеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда адамзат ақыл-ойының асқар шыңына айналған Абай қазақ халқының ұлттық мақтанышы.

Мемлекет басшысы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» деп атап көрсетті.

Расында хәкім Абайдың өз заманында айтқан ойлары мен тұжырымдары әлі күнге жеке адам үшін де, тұтас қоғам үшін де маңызын жоймай, өміршеңдігін сақтап отыр. Оның ынтымақ пен бірлік жайлы ойлары бүгінгі қоғамда тұрақтылық мен тыныштықты сақтауда аса маңызды рөл атқарады. Кемеңгер тұлғаның «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген келелі ойға негізделген танымы ұлттық бірлігіміздің іргетасы бола алады.

Данышпан ақын жас ұрпақтың білім алып, ғылымды игеруіне ерекше мән берген. Мұны оның өлеңдері мен қара сөздерінен анық көреміз. Білім мен ғылым өркениетке бастар алғышарт екендігін Абай сол заманда-ақ жете түсінген, жан-тәнімен терең ұғынған.
Адами капитал дамудың басты өлшеміне айналған ХХІ ғасырда да «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген өсиеті айрықша маңызға ие. Өйткені, осы бір ауыз сөзі арқылы Абай бізді өмір бойы ізденіп білім алуға, кәсіби біліктілігімізді арттыруға үндейді.
Арамызда білім мен тұлғалық дамуды өмірлік кредосына айналдырған азаматтар көбейгенде ғана біздің қоғамның рухани-интеллектуалдық қуаты кемеліне келеді.
Абай шығармашылығындағы тағы бір өзекті тақырып — адал еңбек. Еріншектік пен бекер мал шашпақтықты, яғни, «бес дұшпанның» қатарына қосқан ақын адал еңбек етуді «бес асыл істің» бірінен санайды. Яғни, Абай танымында ырыс-несібе мен берекенің бастауы ғана емес, өзі жырлаған кемел адам атанудың айнымас шарты.
Ұлы ойшылдың еңбек етуді адам өмірінің мәніне балайтын осы өсиетін бүгінгі қоғамдық сананың негізіне айналдыра білсек, еліміздің бәсекеге қабілеттілігі артып, Қазақстанның қарыштап дами түсері талассыз.

Қадірменді қауым!

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономиканың дамып, халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ғана емес, рухани-мәдени дамуына да айрықша назар аударып келеді. Елімізде әр жылдары «Мәдени мұра», «Халық — тарих толқынында» секілді маңызды бағдарламалар қабылданып, ауқымды істер атқарылды.
Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымызды жаңа рухани өреге, жаңа ұлттық сапаға көтеруді көздеген келелі бастама болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын кең көлемде атап өту, Абай күнін белгілеу арқылы оның әдеби мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі бастамасы — біздің қоғамның рухани жаңғыру, рухани кемелдену жолындағы жаңа кезеңі, нақты қадамы.
Бүкіл қоғам болып, ел болып Абайға оралу арқылы, Абайды тану арқылы біз өзімізді танимыз. Тұлға ретінде де, ұлт ретінде де өзімізді тану – біздің ұлы істеріміздің, жарқын болашағымыздың бастауы боларына сенеміз.

Мемлекет басшысы айтулы мерекеге орай жариялаған «Абай — рухани реформатор» атты мақаласында бүгінгідей қиын кезеңде ұлы ойшылдың рухани мұрасына жүгіне отырып, бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынтымағымызды арттырудың маңызды екенін атап өтті.
Бүкіл әлемді жайлаған пандемия тұсында ортақ тәртіпке бағынып, өзіміз бен жақындарымыздың қауіпсіздігін сақтау арқылы да Абай аманатына адал екенімізді таныта аламыз.

Олай болса, әрбіріміз Абай шығармашылығымен танысып, одан рухани қуат алуға, оның өсиеттерін өмірлік ұстанымызға айналдыруға ұмтылайық!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

 

 

Please follow and like us: