Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік ететін салаларының басшыларымен лездемелік мәжіліс өткізіп, жұмыс аптасының міндеттерін белгіледі. Ауыл шаруашылығы басқармасына аудан-қала әкімдіктерімен бірлесе отырып, субсидия бағыттарындағы өзгерістер, жаңа технология енгізудегі артықшылықтар бойынша шаруалар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
2024 жылдың қорытындысымен Түркістан облысында құрылған кооператив саны 62-ні құрады. Оның 37-і қаржыландырылып, нәтижесінде 23 кооператив қызмет көрсету үшін техникалар сатып алды, 14 кооператив қайта өңдеу цехтарын іске қосты. 148 азамат тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. «Ауыл аманаты» жобасын кооперацияға бағдарлау ісі биыл да жалғасын табады.
Су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру бойынша І кезеңге 14 жоба ұсынылып, 166 шақырым су арнасын бетонмен қаптау көзделуде. Жоба толық іске асқан жағдайда іргелес жатқан 53,3 мың гектар жерге ағын су жеткізу жақсармақ. «Тұран су» және «Қазсушар» мекеме басшыларына облыстағы механикалық тазалаудан өткен және тазалауды қажет ететін су арналарына қатысты тиянақты сараптама ұсыну жүктелді.
2025 жылдың бекітілген жоспарын талдай келе Нұрбол Тұрашбеков: «Болжанып отырған көрсеткіштер меже деп қабылданбасын. Жұмысты дұрыс үйлестіріп, барлық қарым-қабілетті жұмсаған жағдайда күткеннен де жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын естеріңізге саламын. Мүмкіндіктерді шектемеңіздер. Көктемгі дала жұмыстары басталғанша шаруалар мен дихандарға мемлекеттік бағдарламалар жөнінде мейлінше мол ақпарат беріп, түсіндіруді қолға алыңыздар, заңдылығы бойынша құқықтық анықтамалар әзірлеңіздер», деді.
Мәжіліс барысында сонымен қатар, басқармалардағы орындаушылық тәртіп жайы қозғалды, хаттамалық тапсырмалардың есебі қаралды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
9
Please follow and like us: