Сауран ауданында биыл 37 млрд. теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде жаңадан 800-ден астам жұмыс орны ашылмақ. Бұл жайында бүгін брифингте Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров мәлімдеді.
Аудан экономикасының жандана түсуіне түрткі болатын жобалар қатарында «Turkistan Fruit» ЖШС-ң жеміс шырыны өндірісі бар. Жоба құны — 4,5 млрд. теңге, онда 54 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, Шорнақ ауылынан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоқыс қапшығын өндіретін «Sauran Plast» өндірістік кешені бар. Бұдан бөлек, Шойтөбе ауылынан «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС-і жалпы қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясының құрылысын бастамақ. Жоба құны — 8 млрд.теңге. Айта кетерлігі, ауданға қарасты Шаға ауылдық округінде «SAURAN» индустриалды аймағы құрылған. Онда тоқыма, тігін, құрылыс материалдарын өндіру, электроника және ұсақ машина жасау, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады.
— 2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4 млрд. теңгені құрады. Өңірлік өнімнің ішінде 84,7% — ауыл шаруашылығына, 9,2% — өнеркәсіп саласына, 4,7% — құрылыс саласына, 1,4% — сауда саласының үлесінде. Ауданның өнеркәсіп саласында — 11,1 млрд. теңгенің, ал тау-кен өнеркәсібінде — 465 млн. теңгенің өнімі өндірілді, — деді аудан әкімі.
Ауданда 7 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі былтыр 49,4 млрд. теңгені құраған. Биыл өнім көлемін 85 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.