Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

ТҮРКІСТАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНҒАН КӨШПЕЛІ ОТЫРЫС ӨТТІ

43қаралым
Түркістанда Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен еліміздегі көкөніс шаруашылығының қазіргі жағдайы мен болашағы, суармалы егіншілік мәселелері талқыланды. Жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Сауда және интеграция министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты тұлғалары, Табиғи монополияларды реттеу саласындағы уәкілетті органдардың жауапты қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ салалық қоғамдық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
– Бүгінгі жиынымыз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін, оның ішінде халықты жергілікті көкөніс және жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз ету, көкөніс бағасын қолжетімді ету, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдері бағасының шарықтауын болғызбау, суармалы егіншіліктің қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелеріне арналады. Ең бастысы, көкөніс шаруашылығының өнімдерін өндіруден тұтынуға дейінгі толыққанды циклін қалыптастырудың, жіктеп айтқанда – өндіру, сақтау, өткізу мен өңдеудің оңтайлы жолдарып қарап, нақты шешу жолдарын ұсыну көзделіп отыр. Көшпелі отырысты Түркістан облысында өткізуге бірнеше фактор негіз болды. Біріншіден, Түркістан облысы республика бойынша жүзімнің – 76 %-ын, бақша өнімдерінің – 64 %-ын, жеміс-жидектің – 40%-ын және көкөністің 25 %-ын өндіреді. Екіншіден, республикадағы суармалы жерлердің 25 %-ы облысқа тиеселі. Сонымен қатар республика халқының 2 миллионнан астамы осы өңірде тұрады. Кеше біз облыс аумағындағы шаруашылық нысандарында болып, олардың жұмысымен таныстық. Халқымызды жергілікті көкөніс өнімдерімен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін шешімін таппай отырған бірқатар проблемалар бар екенін аңғардық. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты – заң шығарушы, атқарушы билік өкілдері, сала мамандары мен шаруалар бірлесе отырып, осы проблемалардың шешу жолдары мен әдістерін талқылау, – деді Серік Егізбаев.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға, жоспарларға тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы – ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеуде, өңірдің 1 миллионға жуық тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауларында ауыл шаруашылығына баса назар аударып, елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өтуде. Осы тұрғыда, Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде. Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеден асты. Өздеріңіз кеше танысып өткендей, мемлекет тарапынан «Ауыл аманты» жобасы аясында биылға 19,8 млрд. теңге бөлініп, ауыл шаруашылығы жобаларын жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен несиелендіру жұмыстары басталды. Бұл ауыл тұрғындарының әл- ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты серпіліс беретіндігі сөзсіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Отырыста көкөніс саласын дамытудағы проблемалар мен тежеуші факторлар атап өтілді. Мысалы, көкөніс қоймалары көлемінің болмауы және жеткіліксіздігі, өндірісті дамытуға және кеңейтуге субсидиялар алу мәселелері, саланы жеткіліксіз қаржыландыру, қайта өңдеудің төмен үлесі, өндірістің жоғары шығындары және баға мен сапа бойынша көкөніс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі қозғалды. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаның өсуі инфляцияға теріс әсер ететіні және көкөністер мен жемістердің жекелеген санаттары бойынша импорт үлесінің ұлғаюына әкелетіні атап өтілді. Ағын су тапшылығын шешудің резервтік барлық мүмкіндіктерін пайдалану, жаңа құрылыстар, тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру мәселелері де айтылды. Жиынға қатысушылардың барлық сындарлы ұсыныстары мен тілектері алдағы Үкімет сағатының ұсынымдар жобасына енгізіледі.
Айта кетейік, Түркістан облысына сапары барысында депутаттар бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарына барды. Көкөніс өсіру бойынша «Аделя» жылыжай кешені, алма және басқа да жемістерді өсіру, сақтау және өңдеу бойынша «Dala Fruit» компаниясы, сүт өнімдерін өндіру бойынша «Бөрте Милка» кешені, ірі қара мал өсіру бойынша «Nurym Group» кәсіпорны және өзге де нысандарды аралады.
Please follow and like us: