Ішкі істер саласында әке жолын жалғап, өмірлік жарын осында кездестіріп, полицейлер жанұясына айналған қызметкерлер санаулы. Солардың бірі әрі бірегейі Түркістан қаласында тұрады. Яғни бүгінгі кейіпкеріміз полицейлер әулетінен шыққан, қазақ полициясының құрдасы, полиция капитаны Көкаршын Жолбарысханқызы. Әрдайым көктемдей құлпырып, жаздай жайнап жүретін шенді аруды жанындағылар ерекше жақсы көреді. Полиция капитаны Көкаршын бүгінде Түркістан облысы Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының жұмысын қадағалау және ұйымдастыру тобының инспекторы лауазымында қызмет атқаруда. Бір қызығы кейіпкеріміздің жұбайы да ішкі істер саласында қызмет етеді. Полиция капитаны Дінмұхаммед Масатиков, Түркістан қалалық Полиция басқармасында учаскелік полиция инспекторы лауазымында жемісті еңбек етіп жүр. Қос капитанды таныстырған да, табыстырған да-қызмет. Олай дейтініміз, ерлі-зайыптылар құқық қорғау органындағы алғашқы қызмет жолын Астана қаласының Полиция департаменті Есіл аудандық полиция бөлімінде бастап, тергеу саласында бірге қызмет істеген. Сондай-ақ екеуінің де асқар тау әкелері полицей болып, осы саладан зейнетке шыққан.
Бұл жайлы Көкаршын: «Жолбарысхан Қанатұлы Пошатаев-менің әкем! Ол кісі қызметіне адалдығын танытып, полицей деген атқа кір келтірмей, көп ғұмырын ішкі істер саласына арнап, полиция подполковнигі шенімен зейнетке шыққан. Әкеміздің жолын қуып, өсе келе інім екеуміз полицей болдық. Жалпы тәртіп сақшысы болу біздің әулетте дәстүрге айналып кеткен сыңайлы.
Одан бөлек, жұбайым Дінмұхаммедтің әкесі де зейнет жасына дейін ішкі істер саласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде тыңғылықты істер тындырған. Қайынатам ұлына антына адал, сертіне берік нағыз полицейдің жарқын бейнесін сомдап кеткен тұлға»-деп тебіреніспен жеткізді.
Ерлі-зайыпты полицейлер 2021 жылы қызмет бабымен жұбы жазылмай Түркістан облысына да бірге ауысып келген. Қазіргі таңда 1 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған ардақты ата-ана.
Өмірде де, қызметте де жұптары жазылмаған, әке жолын қуған қос капитанға табысты еңбек, абыройлы қызмет тілейміз!