110
Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы М.Көкенов айтты.
«Жеке тұлғалардың мүлік салығының төлеу мерзімі салық салу обьектілерінің орналасқан жері бойынша есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей жүргізіледі. Яғни, 2021 жыл үшін жеке тұлғалардың жер және мүлік салықтарын төлеу мерзімі осы жылдың 1 қазанында аяқталады. Осыған орай, облыс тұрғындарын салықтарын мерзімінде төлеуге шақырамын. Салықты төлеу мерзімінен кешіктірген жағдайда төлеуге міндетті соманың 1,5 пайызы өсім болып қосылады», — деді Мейрамбек Байқадамұлы.
Спикердің сөзінше, жеке тұлғалардың жер және мүлік салығына 2021 жыл үшін 324 895 жеке тұлғаның 672 631 салық салу объектісіне 299,5 млн теңге есептелген. Оның ішінде, Салық кодексінің 526 бабына сәйкес, мүлік салығынан босатылғандар санатына жататын (Кеңес одағының батырлары, Социалистік еңбек ерлері, халық қаhарманы, ата-анасының қамкорлығынсыз қалған18 жасқа толғанға дейінгі жетім балалар, бала кезінен мүгедектігі бар кісілер, батыр ана, алтын алқа, Қазақстанның еңбек ері атақтарына ие болғандар) 35 439 жеке тұлғаның салық салу объектілеріне жеңілдікпен 35,1 млн теңге есептелген.
Егер жеке тұлғалар салықтарын Салық кодексінде белгіленген мерзімінде төлемеген жағдайда:
• Салықтық берешегі туралы хабарлама қалыптастырылып, жолданады;
• Хабарлама табыс етілген күннен бастап 30 жұмыс күні өткен соң төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда, салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығы шығарылып, жеке тұлғаға жолданады.
• Жеке тұлға салықтық берешекті өтемеген кезде, салық органы осы Кодекстің 115-бабының 1-тармағына сәйкес, салық бұйрығын ҚР «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңнамасында айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп орындату үшін өңірлік жеке сот орындаушылар палатасына жолданады.
Айта кетейік, үй жанындағы жер учаскелері мынадай базалық салықтық мөлшерлемелер бойынша салық салынуға жатады:
1. республикалық маңызы бар қалалар, астана және облыстық маңызы бар қалалар үшін:
— 1000 шаршы метрді қоса алғанға дейінгі алаң болғанда – 1 шаршы метр үшін 0,20 теңге;
— 1000 шаршы метрден асатын алаңға – 1 шаршы метр үшін 6,00 теңге.
— Жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша 1000 шаршы метрден асатын жер учаскелеріне салық мөлшерлемелері 1 шаршы метр үшін 6,00 теңгеден 0,20 теңгеге дейін төмендетілуі мүмкін;
1. қалған елді мекендер үшін:
— 5000 шаршы метрді қоса алғанға дейінгі алаң болғанда – 1 шаршы метр үшін 0,20 теңге;
— 5000 шаршы метрден асатын алаңға – 1 шаршы метр үшін 1,00 теңге.
Please follow and like us: