Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғамМәселе

ШЫМКЕНТТЕГІ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ 93 ПАЙЫЗЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

72қаралым

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сала мамандарымен бірге мегаполистің алдағы жылыту маусымына дайындық барысын пысықтады.

Бүгінде қаладағы жылу жүйесіне қосылған 1945 көпқабатты үйдің 93 пайызы жылыту маусымына толық дайын. Ал, қалған үйлерге жылуды жеткізу жүйелерінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осылай деген қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков бюджеттік нысандар 98 пайызға дайын екенін мәлімдеді.

«Қала аумағында 482 бюджеттік нысан орналасқан, бүгінгі таңда 474 нысан дайындалды. Яғни, нысандардың 98% алдағы жылыту маусымына дайын. Атап айтқанда 256 білім нысаны, 33 спорт және 14 әлеуметтік объектілердің барлығы дайын. Ал, денсаулық сақтаудағы 109 нысанның бүгінде 103 дайын, ол 94 пайыз, мәдениет саласында 70 нысан болса, оның 97 пайызы дайындалған»,-деді басқарма басшысы.

Бюджеттік нысандардың көмірге қажеттілігі 4,7 мың тонна, тасымалданғаны 4,6 мың тонна, сұйық отынға қажеттілігі 980 тонна болса, толық қамтамасыз етілген. Қажетті отын көлемі 1 қыркүйекке дейін жеткізілуі тиіс.

Сонымен қатар сала жетекшісі қалада ескірген жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, осы жылы жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында жергілікті бюджеттен 1,96 млрд. теңге қаралып, 29,5 км жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Бүгінгі күнге жұмыстардың 84 пайызы орындалған, ол 24,7 км. Кестеге сәйкес қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады. Қаланың жылу жүйелерінің ұзындығы 419,3 км, жылу маусымынан соң 100% қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіліп, 84 ақау орын алып, толық қалпына келтірілді.

«3-Энергоорталық» АҚ-да қысқы маусымға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мекеменің резервтік отынға қажеттілігі 8 мың тонна, қоймада 7,8 мың тонна бар (98%). Ал, «Қуатжылуорталық-3» МКК-на қарасты қаладағы 12 дана жылу қазандықтардан қысқы маусымға дайындалғаны 11. Екі қазандыққа қажетті көмір көлемі 1,1 мың тонна, қоймада 600 тонна көмір бар, қалған көлемі 1 қазанға дейін толық тасымалданады. Қала аумағында орналасқан жылу жүйесіндегі 17 сорғы стансалардан қысқы маусымға дайындалғаны 15, қалған екі сорғы стансаларда дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау басты мақсаттардың бірі екенін айтқан қала басшысы жоспарланған жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге қажетті көлемде отынды алдын ала жеткізуді қамтамасыз етуді, ішкі нарықта бағалардың өсуіне және көмірдің тапшылығына жол бермеу үшін тұрақты тексеру жұмыстарын ұйымдастыруды айтты.

Please follow and like us: