Яндекс.Метрика
Заң және қоғамҚоғам

«Сақтансаң, сақтаймын!» дегенді есте ұстап, сақ болайық ағайын!

114қаралым

Қазақта «Елемеген ауру жаман, ескермеген дау жаман» деген мақалдың мән-мағынасын биылғы көктемнен бері терең ұғынып, түйсіне бастадық. Үстіміздегі жылдың 16 наурызы мен 11 мамыры аралығында елімізде жарияланған «Төтенше жағдай режимі» (бұдан әрі — ТЖР) Шымкенттің тұрғындарына да оңайға соққан жоқ. Дегенмен, алғашқы күннен бастап қаладағы мемлекеттік органдар мен қаланың соттары коронавирус пандемиясына қарсы күресті ұйымшылдықпен жүргізіп, соның нәтижесінде бұл ауыр сыннан бірсыдырғы өтіп келеді. Елімізде ТЖР-нің енгізілуіне байланысты Шымкент қалалық сотының тарапынан шұғыл шаралар қолға алынып, процессуалдық мерзімі бар сот істерінің қаралуы кейінге шегеріліп, талап-арыздарды «Сот кабинеті» сервисі арқылы электронды форматта немесе пошта арқылы жолдау ұсынылды. Қалалық, аудандық сот төрағаларының ТЖ аяқталғанға дейін азаматтарды қабылдауы уақытша тоқтатылып, аудан, қала соттарының ғимараттарында санитарлық гигиена нормаларын сақтау бойынша тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар, Шымкент қаласы соттарының төрағалары мен судьялары, кеңсе мамандары төтенше жағдай кезінде жергілікті соттардың жұмыс тәртібі туралы өздерінің фейсбуктегі парақшаларында ондаған посттар жазып, жергілікті телеарналардағы «Қауіпсіз қала», «Экстренный вызов», «Біздің назарда» т.б. бағдарлама-ларға барып, тікелей эфирде сұхбат берді және газеттерге 20-ға жуық мақала шығарды. Сот қызметкерлері өздерінің жариялаған посттары мен мақаласында, карантин кезіндегі медиацияның маңыздылығын айтып, тараптарды татуласуға шақырды. Осындай атқарылған жұмыстың нәтижесінде Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандық соттарында алпыстан астам істер медиация тәртібімен аяқталып, қалада ажырасу азайды және медиативтік келісім бойынша бірнеше миллион теңге қарыздар қайтарылды. Өзге өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты даулар көбейсе, бізде керісінше, ондай даудың кемігені жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында айтылды. Осы орайда, ТЖР-ндегі 55 күннің ішінде қолданылған шектеулердің жұртшылыққа тигізген кейбір жағымды тұстары да болды. Мысалы, төтенше жағдай кезінде сабырлық сақтап, қолды жиі сабындап жуып, антисептиктерді қолданып көптеген адамдар тазалық пен шыдамдылыққа үйренді! Ата-анасы мен бала-шағасы бір дастарқан басында тамақтанып, телеарналардан тарихи фильмдерді көріп, газет пен кітаптарды оқып, қаншама адамдар рухани жағынан өсті. Карантин кезінде қаламызда қылмыстардың саны кеміп, жол-көлік оқиғалары азайды және жаңа технологияларды қолданудың аясы артты. Еліміздің сот жүйесі жаңа технологияларды қолданып, сот отырыстарын онлайн арқылы өткізіп, соттардың жұмысын ТЖР кезінде тоқтатқан жоқ!

 

Мысалы, мықты деген Ресейдің соттары, бұл мемлекетте төтенше жағдай жарияланған соң, екі ай мерзімге сот процесстерін мүлдем тоқтатып, уақытша жабылып қалғаны болатын. Биылғы 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында қала аумағында төтенше жағдай режимінің шектеулерін бұзған мыңнан астам адамға қатысты Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі — ӘҚБтК) 476 және 478-баптарымен 1015 әкімшілік іс қаралған. Соның ішінде, ТЖР-нің талаптарын сақтамаған 109 адам қамаққа алынып, 202 адамға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған және 636 адамға ескерту түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған. Ал, әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық жоқ 65 адамның жауапкершіліктен босатылғанын айта кеткенім жөн болар. Сондай-ақ ӘҚБтК-нің 463-бабында көзделген тіркеу, рұқсат беру, хабарлама жіберу мiндеттi болған жағдайларда, тiркеусiз, рұқсатсыз, кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу және ТЖР кезінде бетперде мен антисептиктерді заңсыз сатқан 8 адамға айыппұл салынып, заттары мемлекет пайдасына тәркіленген жағдайлар да болды. Биылғы 11 мамырда елімізде ТЖР тоқтатылғанымен, Шымқаланың аумағында карантиннің санитарлық шаралары әлі де жалғауда. Бұл енді, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз іспетті! Жалпы, карантиннің талаптарын сақтау, ең алдымен өзімізге және өзгеге коронавирустың инфекциясын жұқтырмау үшін қажет! Соған байланысты, қала тұрғындары аса қажеттілік болмаса үйден шықпағаны абзал. Ал шыққан жағдайда бетперде тағып, адамдар шоғырланған жерге жақындамай және қоғамдық орындарда ара қашықтықты сақтағаны дұрыс. Сонымен қатар, қолды жиі сабындап жуып, антисептиктерді қолданып және жұмыс орнында дезинфекция жүргізіп, карантин талаптарын әрқайсымыз сақтасақ, сонда ғана коронавирус пандемиясын мейлінше, аз шығынмен өткеруге болатынын мамандар ескертіп айтуда! Өкінішке қарай, күнделікті ресми мәлімет бойынша, індетті жұқтырғандар саны күннен-күнге көбейіп, оның саны өсіп жатыр! Оның бір себебі, кейбір адамдардың тәртіпке бағынбай, карантин талабын бұзатындардың кесірінен болып отыр! Сондай-ақ, ТЖР аяқталған күннен бастап, қаладағы көше қиылыстарында жол қозғалысына қауіп төндіріп, қайыршылық жасап, көлік жүргізушілер мен адамдарды мазалап, ақша сұрайтындар пайда болды. Соңғы айда карантинге қарамастан, көшеде және қоғамдық орында алкогольдік ішімдік iшіп, құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар бар. Әрине, адамдардың мұндай әрекеттері қоғам үшін қауіп туғызады. Жуырда Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Бюрабекованың «Ауру адаммен байланыста болғандардың арасында вирусты жұқтырғандар саны артты, оның ішінде бір отбасы мүшелері арасында сырқаттану жағдайы көп тіркелуде. Өткен екі аптада коронавирусты жұқтырғандардың жартысына жуығы ұжымдарға қатысты болып отыр»,- деді. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні «Сақтансаң, сақтаймын!» дегенді есте ұстап, сақ болайық ағайын! Қ.Дүйсенби, Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы

Please follow and like us: