Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғамМәселе

КАРАНТИН МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ.

85қаралым

Шымкент қаласы әкімдігінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың қатысуымен коронавирус пандемиясына жол бермеу мақсатында шектеу шаралары жөнінде брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Ербол Әбілхайырұлы коронавирус инфекциясы өршіп тұрғанын алға тартып, осыған орай карантин мерзімі ұзаратынын және кейбір шектеу шаралары енгізілетінін жеткізді.

– Қаламызда шектеу шарасы 22 маусымға дейін еді. Енді бұл 6 шілдеге дейін созылып отыр. Одан бөлек, кейбір шектеу шаралары енгізіледі. Арнайы топпен қоғамдық көліктер мен қоғамдық орындарды аралап шықтық. Өкінішке қарай сақтық шаралары дұрыс сақталмаған. Мұның бәрі қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне әкеліп соғады. Осыған байланысты демалыс күндері қаланың күнделікті өміріне қажетті нысандардан басқа нысандар жұмысын тоқтатады. Яғни, сенбі, жексенбі күндері барлық азаматтар өз отбасымен үйлерінде отыруы керек. Егер біз осындай шараларды сақтамайтын болсақ, коронавирусты ауыздықтау мүмкін емес. Алдағы 20, 21 маусым күндерінен бастап қаладағы ойын-сауық орталықтары, ірі сауда орындары, базарлар, сауда үйлері мен орталықтары, фитнес орталықтары, бассейндер және спорттық нысандардың жұмысы тоқтатылады. Бірақ тек сенбі, жексенбі күндері. Бұл орайда көп қабатты тұрғын үйлердің аумағындағы азық-түлік, жеке азық-түлік дүкендері және қаладағы көтерме базар «Жібек жолы» мен «Қазыбек» базары жұмысын істейді», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Осы ретте Ербол Садыр қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы тоқтайтынын, тек қана ашық далада тамақтану орны бар және санитарлық нормаларды сақтаған орындар ғана өз жұмысын жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ, қоғамдық көліктер сенбі, жексенбі толық тоқтайды. Басқа күндері мерзіміне шектеулер енгізіліп, таңғы сағат 07:00-ден 11:00-ге дейін және түстен кейін 17:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін ғана жүреді. Ал 22 маусымнан бастап ХҚКО және Жұмыспен қамту орталығының жұмыстарына да шектеулер қойылады. Олар таңғы сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Оның өзінде онлайн көрсетілмейтін қызметтерді ғана іске асырады. Мұнда келетін азаматтар онлайн кезекке тұруы керек.

Сонымен қатар, халық көп жиналатын көшелер, арбаттар, скверлер, спорттық және балаларға арналған алаңшалар, туристік орындар, саябақтардың барлығы жұмысы тоқтатады. Одан бөлек, қаладағы офисте, мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын кәсіпорындардың барлығына жұмысшыларының 80%-на дейін онлайн режимде жұмыс істеуге көшу туралы шешім қабылданған.

Осы ретте Ербол Әбілхайырұлы: «Құрметті қала тұрғындары, мұның бәрі – сіздердің денсаулықтарыңызды сақтау үшін жасалынып жатқан шаралар. Сондықтан әрбір азамат өзінің денсаулығы, жақындарының амандығы үшін сақтануы керек. Егер сіздер тарапынан санитарлық нормалар сақталынбаса, коронавирусты ауыздықтауымыз мүмкін емес. Нәтижесінде, қаладағы шектеу шараларын бұдан да қатты күшейтуге мәжбүр боламыз», – деді Е.Садыр.

Please follow and like us: